Энергетика министрлігі желтоқсан айында 18 мұнай кен орнының өндіру және барлау құқығын беру үшін кезекті аукцион өткізеді

Жарияланды
Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған электронды аукционды 14 желтоқсанда өткізеді / Фото: shutterstock

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі электронды аукцион өткізеді. Аукционға қатысты құжат министрліктің ресми сайтында жарияланды. Қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшері 10,3 млн теңгеден бастап, 186,4 млн теңгенің аралығында.

«Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Қазақстан Республикасының құзыретті органы ретінде, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған электрондық  аукцион жариялайды. Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған аукцион электрондық аукциондар операторының сайтында өткізіледі«, делінген құжатта.

Жер қойнауын пайдаланушылар Тамды -2, Көкпекті, Бестақыр, Бажыр, Сараның биі, Батыс Ұлытау, Оңтүстік Тамды, Солтүстік Жамансу, Каменковский, Тюбеджик, Шыңғыс-Телсу, Егізқара, Оңтүстік Кеңдала, Солтүстік Кеңдала сынды 18 жер учаскесі бойынша аукционға қатыса алады.

Аукционға қатысу үшін төленетін жарнаның мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және аукцион өткізу туралы хабархатты орналастырған кезде қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерін құрайды.

«Аукционға қатысу жарнасы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторына төленеді және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 95-бабының 6-тармағына сәйкес қайтарылуға жатпайды», деп ескертілген ресми құжатта.

Ал жер қойнауын пайдаланудың бірнеше объектілері бойынша қатысуға ниет білдірген жағдайда, аукционға қатысуға өтінім, қатысу және кепілдік жарналары әрбір объектіге бөлек беріледі және жеке төлеммен төленеді.

Жер қойнауын пайдалануға келісімшарт бойынша барлау кезеңінің ұзақтығы қатар келетін алты жылдан аспауы керек. Жер қойнауын пайдалануға келісімшарт бойынша өндіру кезеңінің немесе дайындық кезеңінің ұзақтығы өндіруге арналған келісімшарт жасау кезінде өндіру кезеңінің барынша ұзақтығы – жиырма бес жылдан аспайды, оның ішінде дайындық кезеңінің ұзақтығы үш жылдан аспауы тиіс.

Аукцион 2023 жылдың 14 желтоқсанында өтеді. Аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі және Астана қаласы уақыты бойынша сағат 11:00-ден кешіктірілмей басталады. Ал өтінім беру 11 желтоқсанға дейін қабылданады.

Бұған дейін, хабарлағанымыздай Энергетика министрлігі 12 шілдеде көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукционның қорытындысын жария етті. Сонымен қатар, 20 қазан күні 11 кен орны бойынша осындай аукцион өткізілетінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз