Жаңалықтар

Қорғаныс кәсіпорындарына жеңілдікпен кредит беру үшін арнайы қор құрылады: құжат жобасы ашық талқылауға шығарылды

Фото: kursiv.media

Қазақстанда «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры» құрылады. Көлік министрлігі әзірлеген жоба «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.

«Мемлекеттің жарғылық капиталына жүз пайыз қатысуымен «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры» акционерлік қоғамы құрылсын. Қоғам қызметінің негізгі мәні отандық ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржылық қолдау және қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын жаңғырту болып белгіленсін», делінген құжатта.

Құжатқа сәйкес қоғамның жарғылық капиталы республикалық бюджет қаражаты есебінен 265 722 000 теңге мөлшерінде қалыптастырылады. Көлік министрлігінің «Курсивке» берген жауабында, қоғамның қорғаныс кәсіпорындарына қаржылық қолдау көрсету мақсатында құрылғаны және бұрын-соңды мұндай қорлардың болмағаны, ел тарихында алғаш рет осы сипаттағы қор құрылып жатқаны айтылған.

«Екінші деңгейдегі банктер мен қаржы институттарының жеңілдікпен кредит беру мүмкіндігінің болмауына байланысты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қорын құру бойынша жұмыс жүргізуде. Қор отандық қорғаныс кәсіпорындарын оларға жеңілдікті кредит беру жолымен қаржылық қолдау мақсатында құрылады», делінген министрлік жауабында.

Қаржыландыру жаңа өндірістер құруға, кәсіпорындардың өндірістік қорларын жаңартуға және айналым капиталын толықтыруға бағытталатын болады.

Қор мынадай проблемалық мәселелерді шешеді:

  • жүйелі қайта жарақтандыру қажеттілігі;
  • ҒЗТКЖ қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігі;
  • айналым қаражатының тапшылығы;
  • ҚӨК үшін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімсіздігі.

Осы орайда қаржыландыру ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржыландыру, өндірістік қорларды жаңғырту, айналым қаражатын толықтыру, сондай-ақ жаңа кәсіпорындар құру үшін әзірлеу, өндіру, жөндеу, ҚӘТ жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар барлық кәсіпорындарға, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілеріне берілмек.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, заңнамада бекітілген тәртіппен Қоғамның жарғысын бекітеді, Қоғамның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етеді. Ал Қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне беріледі.

Қаулы 26 қазанға дейін талқылауда болып, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.    

2 қыркүйек күні, Үкіметтің жаңа құрамымен өткен алғашқы отырыста Әлихан Смайылов Қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде локализацияның жоғары үлесін және заманауи технологиялар трансфертін қамтамасыз ету, құрылатын Қорғаныс өнеркәсібін дамыту қорының есебінен қаржыландыру арқылы отандық кәсіпорындарды қолдау қажет екенін айтқан болатын.

5 қыркүйек күні Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының шұғыл кеңесін өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясын жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтасыз ету қажет деп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар Оқу-жаттығу жиыны барысында Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының қару-жарақ пен әскери техника шығару және жөндеу мүмкіндіктері таныстырылған еді.