Қазақстан Батыстың соңғы үлгідегі қару-жарағын сатып ала ма?

Жарияланды
Министрлік Батыс елдерінің қару-жарағы өте қымбат болуына байланысты бұл елдерді қарастырылмайды / Фото: kursiv.media

Қазақстан қорғанысқа қажетті қару-жарақты көбінде Түркия, Сербия және Қытайдан сатып алады. Бұл жайлы Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытбек Сыздықов айтты.

Жуналистер министрлік өкілінен Қазақстанның қорғаныс деңгейі жөнінде сұрады.

«Украина мен Ресей арасындағы соғыстың басталғанына бір жылдан асты. Батыс, Еуропа, АҚШ елдері Украинаға қару-жарақты үйіп-төгіп беріп жатыр. Олардың ішінде Himars, Leopard , Abrams танкілері сынды көптеген қару-жарақтар бар. Қазақстан, оның ішінде Қорғаныс министрлігі осы соғысты бақылап отыр ма? Осы орайда Қазақстанның қару-жарағы жаңара ма? Қазақстанда сол Himars немесе Abrams танкілері мен әскери ұшақтары пайда болуы мүмкін бе?» деп сұрады БАҚ өкілдері.

Министрдің орынбасары аталмыш техникалардың тым қымбат болуына байланысты бұл елдерден қару-жарақ сатып алу қарастырылмайтынын мәлімдеді.

«Қорғаныс министрлігі бұл қақтығысты тұрақты түрде қадағалап отырғанын атап өткім келеді. Соның ішінде қазіргі заманауи қару-жарақтарды да, пайдаланылып жатқан Батыс үлгілері басты назарда. Бірақ, бүгінгі күні біз бұл үлгілерді олардың өте қымбат болуына байланысты қарастырмаймыз. Біз баға мен сапаға тұрақты мониторинг жүргізу арқылы сол қару-жарақтан кем түспейтін қару үлгілерін таңдаймыз», деді ол.

Журналистер бұл елдер қарастырылмаса, министрліктің еліміздің қорғанысын басқа қандай елдердің қару-жарағына сеніп тапсыратынын, қорғанысқа қажетті құралдар қай елдерден көбірек сатып алынатынын сұрады.

«Дәл қазіргі уақытта Ресей мен Белорусь өнімдерін сатып алуға санкциялар салынғандықтан басқа елдерді қарастырамыз. Ол елдердің ішінде мен атап өткен Түркия, Қытай, Сербия елдері бар. Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді Сыздықов.

Сондай-ақ оқыңыз