Қазақстанда еңбекке қабілетті халық үлесі төмен – Экономикалық зерттеулер институты

Жарияланды
Фото: Елдегі барлық өлім-жітімнің шамамен 40%-і еңбекке қабілетті халыққа тиесілі

Қазақстанда еңбекке қабілетті халық үлесі төмендеп жатыр. Бұл жайлы өз зерттеуінде Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Анас Абуов жазған.

Сарапшының айтуынша, еңбекке қабілетті халық үлесінің өзгеруі еңбек нарығы мен экономикаға айтарлықтай әсер етеді. 

«Еңбекке қабілетті жастағы халықтың өсуі неғұрлым серпінді экономикалық дамуға мүмкіндік береді және сонымен бірге жұмыс орындарын құруда және еңбек нарығының жаңа қатысушыларын интеграциялауда қиындықтарға әкеледі. Халық құрылымында оның үлесінің қысқаруы экономикалық өсуге, бәсекеге қабілеттілікке, халықтың әл-ауқатына қауіп төндіреді», дейді маман.

Қазақстанда еңбекке қабілетті халық саны жыл сайын өсуі байқалғанымен, өсу серпіні басқа негізгі жас топтарына қарағанда айтарлықтай төмен екен. Статистика деректері бойынша 2023 жылдың басында 2010 жылдың басымен салыстырғанда 15 пен 64 жас аралығындағы халық саны 9,7%-ке яғни 1,1 млн адамға өсіп, 12,3 млн адамды құраған. Осы кезеңде 0-14 жас аралығындағы балалар саны 48,7%-ке, 3,9 млн адамнан 5,8 млн адамға дейін, ал 65 жастан асқан қарттар – 51,4%-ке, 1,1 млн адамнан 1,7 млн адамға дейін өсті. Тиісінше, балалар мен қарт адамдар санының қарқынды өсуі аясында еңбекке қабілетті халықтың үлесінің біртіндеп төмендеуі және оларға демографиялық жүктеменің артуы байқалған.

«2023 жылдың басында 15 пен 64 жас аралығындағы халықтың үлесі 62,0% құрады, бұл – ел тәуелсіздігі кезеңіндегі ең төменгі көрсеткіш. Еңбекке қабілетті халықтың ең жоғары үлесі тіркелген 2010 жылмен салыстырғанда іс жүзінде 7 проценттік тармаққа төмендеу үрдісі тіркелді. Өз кезегінде, 0-14 жас аралығындағы балалардың үлесі 24,0%-тен 29,6%-ке дейін, ал 65 жастан асқан қарттардың үлесі 6,8%-тен 8,2%-ке дейін өсті», дейді сарапшы.

2010-2023 жылдар кезеңінде еңбекке қабілетті халыққа жалпы демографиялық жүктеме коэффициенті 36,1%-ке өскен. Егер 2010 жылдың басында елде 1000 еңбекке қабілетті азаматқа 450 бала және қарт адамнан келсе, 2023 жылдың басында ол көрсектіш 613-ке жеткен.

Ал демографиялық жүктеменің жыл сайынғы өсуі балалар мен қарттардың есебінен жүреді, ал соңғы жылдары дәл қарттардың жүктемесі артқанын айтады маман. ып келеді. Жалпы, 2023 жылдың басында еңбекке қабілетті жастағы 1000 адамға шаққанда демографиялық жүктеме 476 баланы және 137 қартты құраған.

Ең қорқынышты статистика, өлім-жітімнің жас құрылымы өзгерген. Елдегі барлық өлім-жітімнің шамамен 40%-ы еңбекке қабілетті халыққа тиесілі екен. Бұл стаистикаға көші-қон да өз әсерін тигізген. 2016-2021 жылдар кезеңінде көші-қонның теріс сальдосындағы 15-64 жас аралығындағы халықтың үлес салмағы орта есеппен 66%-ті құраған.

«БҰҰ болжамының орташа нұсқасына сәйкес Қазақстанда еңбекке қабілетті халық үлесінің төмендеуі 2027 жылға дейін жалғасады. Кейіннен, 2040 жылға дейін олардың үлесінің өсуі байқалады, содан соң қайтадан төмендеу басталады. 2060 жылға дейінгі кезеңде еңбекке қабілетті жастағы халықтың ең көп үлес салмағы 2040 жылға қарай болады, ол 63,6%-ті құрайды. Төмен нұсқада, яғни егер туу деңгейі орташадан төмен болса еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі 66%-ке жетуі мүмкін», дейді Абуов.

Қорытындылай келе маман мынадай тұжырымдар жасаған:

  • Қазіргі уақытта ел экономикаға қолайсыз демографиялық өзгерістер сатысында тұр, бұл еңбекке қабілетті халық үлесінің төмендеуінен және демографиялық жүктеменің ұлғаюынан көрінеді;
  • Ел халқының жас құрылымының ерекшелігіне байланысты бұл үрдіс уақытша сипатқа ие. Қазіргі уақытта бала жасындағы көптеген жас ұрпақтың еңбекке қабілетті жасқа енген сайын еңбекке қабілетті халықтың үлесі артады деп күтілуде. Өсу мөлшері мен серпіні, ең алдымен, елдегі туу деңгейінің болашағына байланысты;
  • ­Елдегі еңбекке қабілетті жастағы халық үлесінің өзгеруі толқынды сипатқа ие. БҰҰ болжамының орташа нұсқасы бойынша өсуден кейін төмендеу жүреді және керісінше;
  • ­Елде халықтың қартаю процесі белсенді жүріп жатыр, сәйкесінше қарт адамдардың еңбекке қабілетті халыққа демографиялық жүктемесі артуы, балалары барлары – әлсіреуі ықтимал;
  • ­Тұтастай алғанда, халықтың жас құрылымының ерекшелігі және туу деңгейінің перспективалары әлемнің кейбір аймақтарында (Сахараның оңтүстігіне қарай Африканың көпшілік елінде, сондай-ақ Азияның, Латын Америкасының және Кариб бассейнінің бөліктерінде) байқалатын немесе күтілетін демографиялық дивиденд алу үшін ең қолайлы жағдайды (еңбекке қабілетті халық үлесінің айтарлықтай өсуі) қалыптастыруды көздемейді;
  • ­Сонымен қатар, БҰҰ-ның болжамды деректері бойынша Қазақстанда демографиялық ауысудың неғұрлым озық кезеңдерінде Шығыс Азия, Еуропа және Солтүстік Америка елдеріндегідей еңбекке қабілетті халық үлесінің айтарлықтай төмендеуі күтілмейді.
Сондай-ақ оқыңыз