Жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын пайдалану қағидалары өзгерді
Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жалпыұлттық ғылыми басымдықтарды негізге ала отырып, жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын бөлудің ашықтығын арттыру және орталықтандыру қажеттілігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында, Энергетика министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тәртібін өзгертті», делінген хабарламада.
Жаңа тәртіпке сәйкес Энергетика министрлігінің жанынан ғылыми орта, қоғамдық ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Ғылыми-Техникалық кеңес (ҒТК) құрылады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерді қаржыландыруы ғылыми кеңіес бекіткен бағдарламаға сәйкес, ғылыми жаңалықтар ескеріле отырып және энергетика саласындағы басым бағыттар негізге алына отырып жүзеге асырылады.
Сонымен бірге Энергетика министрлігі Ғылыми-техникалық кеңестің ұсыныстары негізінде жер қойнауын пайдаланушының ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен келісімшарттық міндеттемелерін орындады деп таниды.
Жаңа ережеде «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіретін жер қойнауын пайдаланушылардың Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы арқылы ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.
«Ашық конкурс нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдаланушылар айқындайтын ғылыми қызметтің аккредиттелген субъектілерінің ғана ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруына рұқсат етіледі және зерттеулерді қаржыландырудың қайталануын болдырмау үшін орындалған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардың мемлекеттік есебі енгізіледі», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерге аударымдары бойынша берешек бюджетке аударылып отырады. Бұл өзгерістер энергетика саласындағы ғылыми әлеуетті дамытуға, сондай-ақ қоғамға тиесілі табиғи байлықты пайдаланудан алатын материалдық игіліктерді ашық және объективті бөлуге ықпал етпек.