Алпауыт IT компаниялардың белді мамандары неден сақтандырады?

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Kursiv.media тілшісі тәжірибесі мол, алпауыт компанияларда істейтін мамандармен блиц-сұхбат ұйымдастырды. Спикерлерге «балалық шаққа  оралсаңыз, өзіңізге қандай құнды кеңес айтар едіңіз?» деген сауал тастадық. 

Арман Сүлейменов, nFactorial School бас директоры әрі негізін қалаушы:

«Университетті енді бітірген жас мамандарға айтарым: қызығушылығыңызды табыңыз. Тапқан соң, ештеңеге ұарамастан соған қарай ұмтылыңыз. Өйткені жасыңыз нешеге келсе де, артқа көз тастайтын болсаңыз, жетістікке жеткізген, сәтті шыққан жобаның бәрі сіздің құлшыныспен кіріскен ісіңіздің нәтижесі болғанын байқайсыз. Сондықтан өзіңізге не ұнайды, көңіл қалауыңыз қандай — сонымен айналысыңыз. Сол қалауды неғұрлым ертерек тапқаныңыз өзіңізге жақсы. Ал оны табу жолында сізге сан түрлі тәжірибе жасап, қаншама есік қағу қажет болады. Сонда ғана сіз қызығушылығыңызға сай дүниені табасыз. Ал енді карьераны қалай, қайдан бастаған дұрыс десе, стартап жөн дер едім. Бірақ өз стартабыңызды жасауға асықпай, алдымен стартап командада істеп көргеніңіз дұрыс. Жеке стартаппен айналысуға сәл кешірек, түнімен ұйқы бермей, іске асырмаса болмайды дейтін идеялар келген кезде де үлгересіз. Ал 22 жасыңызда сіз әлемді жақсартатын идеяны, проблеманы толыққанды түсінбеуіңіз мүмкін. Стартапты 10 жылға созылатын марафон дейді. Бастау оңай, бірақ соны ұзақ уақыт бойы жалғастыру — қиынның қиыны. Осыны ескеру қажет».

Әлібек Датбаев, Booking.com техникалық менеджері:

«Джуниор кезге оралсам, қандай қате жасамас едім» деген сұраққа «қателесу керек» деп жауап берер едім. Адам үшін қателесу маңызды. Ол — үйрену жолында қажет дүние. Кез келген салада әлемге ашық яғни open minded болу керек. Қателесу арқылы маман үйренеді, шыңдала түседі. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазақстанда көбіне қателесуден қорқады, қателессе блеймиңге ұшырайды. Одан қала берді «ұят болады» деп есептейді. Меніңше, ол дұрыс емес. Маман проактив болғаны жөн. Түрлі комьюнитеге қосылып көрсін. Компанияның ішінде де неше түрлі топ бар. Джуниорларға сол топтар арасында коммуникацияға түсуге кеңес берер едім. Мысалы сіз жұмыс істейтін командада белгілі бір скоуп болады, шекарасы да сызулы. Бірақ оған мән бермей, сол шекараларды бұзу керек. Бұл дегеніміз басқа командалармен араласу, тіл табысуға қатысты айтылған кеңес. Айталық, сіз backend-пен айналысасыз. Барыңыз да, продакт-менеджермен сөйлесіп көріңіз. Одан шығып, дизайнермен тілдесіңіз. Дизайн жасайтындар техникалық тұстарды дұрыс түсінбеуі мүмкін. Оларға өзіңіздің қалауыңызды қайткенде дұрыс жеткізуге болатынын, түсінісу жолын ұғасыз. Сол себепті коммуникация құра алатын софт скилл өте маңызды.    

Асқар Айтуов, Developer Relationships Coordinator in Central Asia & Google for Developers:

«Әлеуметтік желіде уақытты бос өткізбеу керек дер едім. Неге десеңіз, джуниор шақта жоспар құрып, сол бағыт бойынша алға жылжуға көбірек мән берген абзал. Сондай жүйелі жұмыс істесе, бір жылдан кейін әлдебір нәтижеге қол жеткізеді. Ал егер Instagram-да көп отырып, уақытты босқа өткізетін болса, онда энергия құр кетеді деген сөз. Сөйтіп арада бір жыл уақыт өтіп кеткен болады. Бірақ ешқандай нәтиже көрмейді. Мысалы бізде Google for Developers бағдарламасына бір мамандар бес жыл дайындалса да, түсе алмай жатады. Ал енді бірі жүйелі түрде жоспарлап, бір жылда түсіп кетеді. Әрине, адам өздігімен жоспар құрып, соны орындағанда уақыт созылып кетсе, жалығып кетуі мүмкін. Содан шаршайды, демотивация пайда болады. Ал ондай болмас үшін түрлі митап, тақырыптық іс-шараларға жиі қатысқан дұрыс. Әрине, бүгін өтіп жатқан Digital Bridge сынды ауқымды не ресми конференцияларда байланыс орнату қиындау болуы мүмкін. Одан гөрі техникалық, жергілікті митаптарға барып, өзіңіз секілді джуниорлармен коммуникация орнатқан жөн. Сонымен қатар, жұмыс табу үшін де осындай орта жақсы».

Тимур Бектұр, IT-сарапшы:

«Жас мамандармен кездесулерге барғанда не олардың тарапынан сұрақтар қойылғанда кеңес сұраса, «қорықпау керек» деп айтамын. Менің бұл пікіріммен басқалар келіспеуі де мүмкін. Бірақ жастардың дені ұяң. Олардың көзінен бұрынғы жас кезімдегі өзімді көргендей боламын. Таза қазақы тәрбиемен өскен жастар ұяң, өте сыпайы. Сұрағын жүйелеп қою үшін ұзақ дайындалады. «Таскенеше жабысу» дегенге жоқ. Сондықтан басты айтар ақылым һәм кеңесім: батыл болу керек. Жақсы мағынада «ұялмау қажет». Ойға алған ісін жүзеге асыруға үлкен жігер керек. Сол себепті уақыт алып, ұзақ жүрудің қажеті жоқ».

Сондай-ақ оқыңыз