Санкциялар әлемдегі сауда мен мемлекеттердің әл-ауқатына теріс әсер етеді -Тоқаев
Бішкек қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені және ТМД-ға төрағалық ету барысында Қырғызстанның табысты жұмыс атқарғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
Мемлекет басшысы ТМД жанындағы Серіктес және Бақылаушы мәртебесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтіп, бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететініне назар аударды.
Қазақстан Президенті геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін атап өтіп, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін айтты.
«Қазақстан жаһандық сауда-саттық пен мемлекеттердің әл-ауқатына кері әсер ететін экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы«, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы елдеріміздің транзиттік әлеуетін нығайту үшін қазіргі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртып, әкімшілік рәсімдерді қысқарту және интеграцияланған логистикалық, соның ішінде цифрлық шешімдерді енгізу шараларының маңызды екеніне арнайы тоқталды.
Президент ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін келесі басымдық ретінде атап өтті.
«Анағұрлым өнімді әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзара ықпалдастықты күшейткеніміз жөн. Озық тәжірибемен бөлісіп, өндіріс пен өткізілетін өнім арасындағы тізбекті жолға қою, сондай-ақ фитосанитариялық және ветеринарлық талаптарды оңтайландыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет«, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, климаттың жаһандық деңгейде өзгеруі елдеріміздің орнықты дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді.
«ТМД-ға мүше бірқатар мемлекеттің аумағында қазіргі экологиялық ахуал нашарлап, шөлге айналу және су қорының сарқылу жағдайында бұл проблеманы елеусіз қалдыруға болмайды. БҰҰ бағалауына сәйкес 2050 жылға қарай климаттағы өзгеріс салдарынан бес миллиардтан астам адам су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Қазірдің өзінде Орталық Азия елдері Жер шарындағы орташа температураның көтерілуіне байланысты күрделі проблемаларға тап болып отыр«, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент еліміздің аталған саладағы маңызды жобалары туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдырмай, Еуразия кеңістігіндегі экологиялық катаклизмдердің салдарын еңсеру мүмкін емес екенін атап өтті. Сондай-ақ ТМД аясында осы бағыттағы конструктивті қарым-қатынасты нығайту аса маңызды деп санайды.