SPO: KEGOC акцияларының жазылымына өтінім қабылдау 16 қазанда басталады
Қазақстан қор биржасының ақпараттық бағанында «KEGOC» АҚ қарапайым акцияларының жазылымына қатысу үшін өтінім қабылдау қашан басталатыны хабарланды.
Қазақстан қор биржасының (KASE) хабарламасында «KEGOC» АҚ-сының KZ1C00000959 қарапайым акцияларына жария ұсыным жүргізілетіндігі жазылған. Компанияның бірлескен үйлестірушілері мен букраннерлері қатарында: «Қазақстан Халық банкінің еншілес ұйымы «Halyk Finance» АҚ, «SkyBridge Invest» АҚ, «Фридом Финанс» АҚ, сондай-ақ бірлескен букраннерлер: «Банк ЦентрКредит» АҚ еншілес ұйымы – «BCC Invest» АҚ және «First Heartland Jusan Invest» бар.
Тикер (активтің қысқаша атауы) KEGC3 жазылым арқылы 15 294 118 қарапайым акциясы саудаланбақшы. Бір акцияның бағасы 1 482 теңге.
Инвесторлардан өтінімдерді қабылдау кезеңі 2023 жылдың 16 қазаны, сағат 12:00-ден басталып, 2023 жылдың 2 қарашасы, сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Өтінімдер 15 минут ішінде мақұлданады. Есеп айырысуды жүзеге асыру қазақстандық теңге валютасы арқылы жүргізіледі.
Бір өтінімге сай қарастырылатын акциялардың ең аз саны – 1 (бір акция). Ал бір өтінімге қатысты акциялардың максималды саны шектелмейді. Сонымен қатар, бір тұлға тарапынан берілетін өтінімдер санына да шектеу жоқ.
KASE-дегі ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматты болып саналатын инвесторлар өтінімдерін қанағаттандырудың басымдығы бар. Әрі ҚР азаматы саналатын бөлшек инвесторларының өтінімдері бірінші кезекте ұсынылатын акциялардың жалпы санынан максималды мүмкін көлемде қанағаттандырылады.
«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функциясын атқарады. Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етіп басқарады. Қызметтің негізгі түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 27 000 шақырым болатын, кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 38,99 ГВА болатын 82 қосалқы электр станциялары бар.
Компанияның 90 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болса, 7,5 пайыз акциясы БЖЗҚ-ға тиесілі. Қалған 2,5 пайыз акциясы 2014 жылы өткен «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жеке инвесторларға сатылған.
Компанияның алты ай аралығындағы есебі жарық көрді. 2023 жылғы 30 маусымдағы және 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компанияның акционерлік капиталы шығарылған 260.000.000 акцияны құрады, оның ішінде жалпы сомасы 126.799.554 мың теңгеге орналастырылған және толық төленген 259.998.610 акция.