Жаңалықтар

Бюжет мәселесі: әкімшілік-аумақтық шекаралар өзгерген жағдайда борыш қалай бөлінеді?

2023 жылғы ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 25 мамырдағы № 79 бұйрығына өзгеріс енгізу мәселесі ашық талқыға ұсынылды.

Бұйрықта үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау көзделген.

Құжатқа сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірліктің шекаралары өзгерген жағдайда тиісті жергілікті атқарушы органдар арасындағы борышты бөлу шарттары нақтыланады. Атап айтқанда, құжатта:

Бұл ретте елді мекендерді бөлу немесе бөліп шығару жолымен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрылған, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктің шекаралары өзгерген жағдайда тиісті жергілікті атқарушы органдар арасында борышты бөлу бойынша жасалған шарттарды ескере отырып, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның деректері қолданылады, – делінген.

Сондай-ақ, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын кезеңге арналған лимиті арнайы формулаға сәйкес айқындалатыны хабарланды. Формула – Lslg = Dlg + RtogchLg * k – Plg.

Мұндағы:

Lslg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының жоспарланатын қаржы жылындағы лимиті;

Dlg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылының басындағы борышы;

Айта кету керек, тиісті қаржы жылы ішінде бюджет параметрлері нақтыланған жағдайда Dlg-ге жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы жергілікті атқарушы орган борышының нақты көлемі қолданылады.

Бұйрықта нақтыланғандай, RtogchLg дегеніміз – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның жоспарланатын қаржы жылында жергілікті бюджеттің меншікті кірістері мен жалпы сипаттағы трансферттердің сомасы бойынша болжамды деректері. Ал k – түзету коэффициенті 0,1, Plg – борышты өтеуге жұмсалатын қаражатының көлемі.

Орайы келгенде айта кетейік, жобаны қабылдау Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қалаға борыш лимитін ұлғайтуға мүмкіндік береді.