«QAZAQ AIR»-ді бәсекелестік ортаға беруге қатысты байқау тағы да кейінге шегерілді
фото: kursiv.media
«QAZAQ AIR» – ді бәсекелестік ортаға беруге қатысты конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімі ұзартылғаны хабарланды.
«QAZAQ AIR» әуе компаниясын жандандыру мақсатындағы конкурсты 2023 жыл, 13 қарашаға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды:
Бірқатар әлеуетті инвесторлардың өтініштерін, сондай-ақ «QAZAQ AIR» АҚ-ны бәсекелестік ортаға беруге дайындық шеңберінде ашық екі кезеңдік конкурс өткізуді сүйемелдейтін тәуелсіз консультанттың ұсыныстары ескерілді. Соның негізінде «Самұрық-Қазына» АҚ-сы конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімін 2023 жыл, 13 қараша, Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ге дейін ұзартқанын хабарлайды.
Негізінен, байқау мерзімін ұзарту әлеуетті инвесторлар үшін активті зерделеу және мүдделі тараптарды көбірек тарту үшін қосымша уақыт беру мақсатында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, сатушы акционер ретіндегі «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделеріне сай келетін бәсекелестік процесті қамтамасыз ету мақсатына қызмет етеді.
Конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзіміне қатысты өзгеріс 2023 жылғы 18 тамызда жарияланған «Самұрық-Қазына» АҚ тиесілі «QAZAQ AIR» АҚ акцияларының 49%-дан 100%-на дейін өткізу жөніндегі конкурс өткізу туралы хабарламада толықтырылды.
Орайы келгенде айта кетейік, «QAZAQ AIR» – ді жекешелендіру мәселесі әуе билеттері бағасының тұрақтануына ықпал етеді. Көлік министрі Марат Қарабаев FlyArystan-ның Air Astana құрамынан шығарылып жатқанын, Qazaq Air-дің жекешеленетінін айтқан. Солайша нарықта 4 бір біріне қатысы жоқ компания пайда болып, нәтижесінде бәсекелестік артады және бағалар реттеледі.
Есіңізде болар, Qazaq Air компаниясын сату жөніндегі екі сатылы ашық конкурс 18 тамызда жарияланды. Конкурстық өтінімдерді қабылдау 28 қыркүйекте аяқталуы керек еді, алайда Тәуелсіз Кеңесші ұсынысы негізінде бұл мерзім қыркүйек айының соңынан 13 қазанға, сағат 10:00-ге дейін ұзартылды. Мемлекеттік холдинг конкурсқа көбірек инвестор тарту және олардың арасындағы бәсекелестікті қамтамасыз ету мақсатында мерзімдерді ұзартты. Бұл мемлекеттік холдингке тиімді шарттар негізінде әуекомпанияны үшінші тұлғаға беруге мүмкіндік жасауы тиіс. Инвесторлардың баға ұсыныстары конкурстың екінші кезеңінде қаралатын болады. Екінші кезеңге бірінші кезеңде біліктілік іріктеуінен өткен инвесторлар немесе олардың консорциумдары жіберіледі.
Qazaq Air 2015 жылы құрылған және осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына»портфельдік активі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Qazaq Air кірісі 2021 жылғы 12,8 млрд теңгемен салыстырғанда 20,4 млрд теңгені, EBITDA – 3,9 млрд теңгені (0,5 млрд теңге) құрады. Авиакомпания 561 мың жолаушы тасымалдады (2021 жылы 570 мың адам шектеулі халықаралық рейстермен). Маршруттық желі 16 ішкі және алты шетелдік бағытта ұсынылған. Әуекомпанияның базалық әуежайы Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы (бастапқыда Алматы әуежайы болған).