Гаппаров «Өнеркәсіпті дамыту қорының» Басқарма төрағасы болып сайланды

Жарияланды

Қазақстан қор биржасының (KASE) ақпараттық бағанында «Өнеркәсіпті дамыту қорының» басшылығында өзгеріс болғаны хабарланды.

«Өнеркәсіпті дамыту қорына» 2023 жылғы 13 қазаннан бастап жаңа Басқарма төрағасы тағайындалды. Атап айтқанда:

Ринат Гаппаров 2023 жыл, 13 қазаннан бастап «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы басқармасының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін өкілеттік мерзімімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болып сайланды.

Гаппаров Ринат еңбек жолын 1995 жылы «ABN AMRO Bank Kazakhstan» ЖАҚ ЕБ-де бастады, онда тәуекел-менеджмент департаментінің бас менеджері, синдикатталған қарыздар бөлімінің бастығы, кастодиандық және тіркеу қызметтерін енгізу жөніндегі жобаның басшысы лауазымдарын атқарды. 2003 – 2007 жылдар аралығында «Қазавтотех» ЖШС («Техснаб-К» компаниялар тобы) директоры болып жұмыс істеді.
2007 жылғы шілдеден бастап 2013 жылғы қаңтар аралығында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-да тәуекел-менеджмент департаментінің директоры, жобалау дирекциясының басшысы лауазымдарын атқарды. Жеке құрылымдарда қаржы директоры ретінде жұмыс тәжірибесі бар.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен қоғамының Басқарма төрағасы болып сайланды.

Қор жайлы не білеміз?

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2020 жылы Индустриялық даму және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған қаржы операторы – «ҚДБ-Лизинг»АҚ  негізінде құрылған.

Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымы және «Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді. Оның қызметі қаражат, оның ішінде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде жиналатын қаражат есебінен 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша серпінді өңдеуші кәсіпорындарға қолжетімді кредит беруді қамтамасыз етуге бағытталған. 

Аталмыш қор 4 пайызбен автонесие беру бағдарламасының операторы болды. Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталған еді. Алайда қазіргі кезде автонесие қаражаты қоғамдық көлік алуға жұмсалып жатыр.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның 2022 жылғы таза пайдасы 22 млрд 392 млн теңгені құраған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 8 млрд 200 млн теңге болған. Қор табысы бір жылда 14 млрд 132 млн теңгеге өскен. Бұл деректер қордың 2022 жылға шоғырландырылған қаржылық есептілігі бойынша аудиторлық есепте келтірілген.

Маусым айында қор әр данасы 2 млн теңге тұратын 50 мың жай акциясын орналастырды.

Сондай-ақ оқыңыз