Екібастұз ЖЭО-сындағы қазандықтардың тек жартысы жөнделген
Коллаж: кursiv.media
Екібастұз ЖЭО-сындағы 10 қазандық агрегаттың бесеуі дайын. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Шенеуніктер қалған 5 қазандықтың жөндеу жұмысын қазан айының соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр.
Павлодар облысының Асайын Байханов беріліп жатқан жылу сапасын тексерген.
«Екібастұз ЖЭО-дағы 10 қазандық агрегаттың 5-і дайын. Бүгінгі таңда олардың 2-і жұмыс істеп тұр, 3-і резервте. Ол қазандықтар сыртқы ауа температурасы нөлден төмен түскен кезде қосылатын болады. Тағы 5 қазандықты жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады», -делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қайта жаңартылған 4 жылу магистралі іске қосылды. Қазір бұзылған жерлерде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде: топырақ қабаты мен асфальт жабыны қалпына келтіріліп жатыр.
Қазіргі кезде 690 көпқабатты тұрғын үйдің 615-не жылу берілген. Қалған 60 тұрғын үйге бүгінгі күннің соңына дейін, ал, 15 үйге 14-15 қазан күндері жылу беріледі деп жоспарлануған.
«Ыстық сумен 601 көпқабатты үй қамтамасыз етілді. Кезең-кезеңімен жеке сектор үйлері де жылуға қосылып жатыр. Бүгінгі таңда 68%, яғни, 3870 жеке тұрғын үй жылуға қосылды», – делінген хабарламада.
Екібастұздағы 90 әлеуметтік нысанның 85-і жылумен қамтамасыз етілді, қалған 5 нысанға жылу бүгінгі күннің соңына дейін беріледі.
Асайын Байханов Екібастұзға жылу беру барысы оның қатаң бақылауында деп мәлімдеді. Ол бүкіл коммуналдық қызметтерге жылу беру маусымының штаттық режимде өтуін қамтамасыз ете отырып, барлық ресурстарды жандандыруды тапсырған.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша, Екібастұз қаласындағы ЖЭО мен желілерді жөндеуге 30 млрд теңге жұмсалған.
Былтыр қарашада Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылусыз қалған еді. Жылу желілеріндегі суды көп тұтынуға байланысты қалалық ЖЭО-да қазандық агрегаттары тоқтады. Қалаға барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов апатқа кінәлі адамдар жауапқа тартылады деп мәлімдеген. Сол кезде Үкімет бірқатар ЖЭО-ны мемлекет меншігіне қайтаратынын жариялады.
Ақпанда Екібастұз түрғындары жылу электр орталығындағы апаттан бері екі ай ай өтсе де, пәтеріміз суық деп шағымданған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені шешіп, Екібастұздағы үйлерге бірқалыпты жылу беруді тапсырды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр алдағы жылыту маусымына дейін Екібастұздағы жылу желілері толық жөнделіп, бұл жайт қайталанбайды деп сендірген.
Осы орайда Орталық Азия энергетикалық компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Орал Екібастұз ЖЭО-сын жаңғыртуға шамамен 15 млрд теңге қажет екенін айтқан еді.
Жазда Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Тоқаев Екібастұз жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып, «жағдай күрделі» деп мәлімдеді.
Бұл жұмыс бақылауымызда болады. Бұл – өте маңызды жұмыс. Олқылықтар болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы керек. Азаматтарымыз шыдамдылық, сабырлық танытып отыр. Бірақ оның да шегі бар. Сондықтан әкімдерге осындай тапсырма берілді. Тиісті қаражат бөлініп жатыр. Жоспарлардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы 2023 жылы жылу желілерін жаңартуға 69,4 млрд теңге бөлінген.
Қазіргі кезде Қазақстанда 19 жылу электр станциясы апатты жағдайда тұр. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған. ҚР Энергетика -экс- министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет.