«ҚазТрансОйл» компаниясы («ҚазМұнайГаз» еншілес ұйымы) қаңтар-қыркүйек айларында мұнай тасымалдау көлемін 32,416 млн тоннаға дейін жеткізді. бұл 2022 жылдың сәйкес көрсеткішінен 7,9%-ға артық.
«ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы өндірістік қорытындыны шығарды. Есепті кезеңде «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары және жеке жүйесі бойынша 32 млн 416 мың тонна мұнай тасымалданды, бұл 2022 жылғы 9 айдағы көрсеткіштен 2 млн 414 мың тоннаға артық», деліншен хабарламада.
Бұл ретте «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша еліміздің МӨЗ-не жеткізілген мұнай көлемі азайған. 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 428 мың тоннаға кеміп, 13 млн 099 мың тоннаны құрады. Соның ішінде «Атырау мұнай өңдеу зауытына» – 4 млн 296 мың тонна жеткізілсе, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не 4 млн 136 мың тонна тасымалданған. «Павлодар мұнай – химия зауытына» жеткізілген мұнай көлеі – 3 млн 962 мың тоннаны құраса, «CASPI BITUM» БК» ЖШС-не 705 мың тонна мұнай жөнелтілген.
«Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырының «Атырау-Самара» учаскесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі 7 млн 299 мың тоннаны құраған, бұл 2022 жылғы 9 айдағы көрсеткіштен 660 мың тоннаға артық.Қазақстан аумағында орналасқан «ТОН-2» мұнай құбыры учаскесі бойынша 8 млн 324 мың тонна мұнай тасымалданды, бұл 2022 жылғы 9 айдағы көрсеткіштен 128 мың тоннаға артық.
Ал «Атасу-Алашанькоу» магистральдық мұнай құбырына 8 млн 438 мың тонна мұнай ауыстырып тиелген. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 24 мың тоннаға азайды.
Қазақ мұнайының 80 пайыз экспортталатын «Каспий Құбыр Консорциумы-К» АҚ жүйесіне мұнайды ауыстырып тиеу көлемі 2 млн 122 мың тоннаны құраған. Бұл 2022 жылғы 9 айдағы көрсеткіштен 1 млн 378 мың тоннаға артық.
Бұған дейін «Қазтрансойл» Каспий теңізі арқылы Баку портына мұнай жеткізуді 12 есе арттырғанын хабарлаған.
2022 жылы Ресей бауырлас ел Украинаға соғыс ашқан соң, Қазақстан мұнай тасымалын әртараптандырып, Ресейді айналып өтетін бағыттарды дамыта бастады.
AERC (Қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығы) сарапшылары сол кезде отандық мұнайды экспортқа шығара алатын бірнеше әлеуетті балама маршрут бар екенін жазған.
«1768 шақырымға созылып жатқан «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбыры үш елдің – Әзірбайжан, Грузия және Түркияның территориясынан өтеді. Өткізу қабілеті – жылына шамамен 50 млн тонна. Құбыр мұнайды Түркиядағы Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Жейхан портына апарады. Аталған бағыт – ТМД-дағы Ресейді айналып өтетін және АҚШ пен Ұлыбритания тікелей қатысатын алғашқы маршрут», – деді сарапшылар.
Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырған.
Осы бағыт бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы бір ортада бас қосты. Олар Теңіз кен орнынан «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды көздейтін келіссөз жасаған еді.
Соның нәтижесінде биыл ІІ тоқсанда «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы Қазақстаннан тасымалданатын мұнай көлемі күрт ұлғайды.
«2023 жылдың II тоқсанында «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтау портында Теңіз кен орнынан «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша экспортқа 347,1 мың тонна мұнай жөнелтті», – делінген компания хабарламасында
Ал, бірінші тоқсанда осы бағыттағы қазақстандық мұнай экспорты 19,2 мың тоннаны құраған.
Соңғы дерек бойынша, Ақтау портындағы танкерлерге қуаттарды пайдалана отырып мұнай құю 2 млн 485 мың тоннаға жеткен. бұл 2022 жылдың 9 айындағы көрсеткіштен 864 мың тоннаға артық.
Ұзындығы 5,4 мың км магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік ететін «ҚазТрансОйл» АҚ – ұлттық оператор және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді.