Жыл басынан бері 16,4 мың этникалық қазақ атамекенге оралды
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға шетте жүрген 1 млн 123,5 мың этникалық қазақ оралған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл басынан бері, 9 айдың ішінде 16 408 этникалық қазақ атамекенге оралып, қандас мәртебесін алды.
Қазақ көші қай елдерден басым: ақпаратқа сәйкес, олардың жартысы (53,7%) Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 10,9% – Моңғолиядан , 7,7% – Ресейден, 6,3% – Түрікменстаннан және 2,1% басқа елдерден келген.
«1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 61,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 30,3%-ды және зейнеткерлер 8,5%-ды құрайды» делінген хабарламада.
Білім деңгейі. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,5%-ы жоғары білімді, 34,4%-ы орта кәсіби білімді, 41,5%-ы жалпы орта білімді, және 8,6% білім жоқ.
Қай өңірлерге қоныстануда: қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталған. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қандастарды мемлекеттік қолдау шаралары. Аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 1254 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 522 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1254 адам біржолғы субсидия алды, ал 513 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.
Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады.
Бүгінгі таңда республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 2 037 өтініш (681 отбасы) қабылданды.
Сонымен қатар, 2023 жылдың шілдесінен бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар «Ата жолы» картасын алып, Қазақстанға оңай кіру мүмкіндігіне ие болады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып беріледі. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.