Жаңалықтар

Мұнай қалдықтарын рұқсатсыз жинаған компанияға 1 млрд теңгеге жуық айыппұл салынды

Фото: kursiv.media

Атырау облысында тиісті құжатсыз мұнай қалдықтарын жинақтаумен айналысқан компанияға 923 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл жайлы Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Жылыой Болашақ» ЖШС-і рұқсат құжаттарынсыз мұнай шламдарын жинақтау бойынша қызметті жүзеге асырғанын анықтады», делінген хабарламада.

Атап айтқанда, прокуратура 2022 жылдан бастап қауіпті қалдықтарға жатқызылған 477 тонна мұнай шламы жинақталғанын анықтаған. Осы факті бойынша «Жылыой Болашақ» ЖШС-не сот 923 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, сот қаулысы заңды күшіне енген.

Өз кезегінде прокуратура «әрбір табиғат пайдаланушының қоршаған ортаны қорғаудың және оған рұқсат етілген антропогендік әсер ету нормативтерін қатаң сақтаудың маңыздылығын, өйткені бұл адамның денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететінін» хабарлайды және халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі екенін ескертеді.

«Жылыой Болашақ» ЖШС – Қалдықтарды жинаумен айналысатын бұл компания, иесі – Мейрамбек Аязов. Компания 2022 жылы 64 766 922 теңге салық төлесе, 2023 жылы осы уақытқа дейін төлеген салық көлемі – 40 931 144 теңге.

2015 жылы құрылған компанияның жылдық бағаланған түсімі – 2 млрд 154 млн 270 мың 736 ₸еңге деп бағаланған.