Алматыда 9 айда интернет-алаяқтыққа қатысты 1.5 мыңнан аса іс тіркелген: кең таралғаны түрлері қандай?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Алматыда интернет аляақтық бойынша 9 айда 1758 қылмыстық іс тіркеліп, оның 65 пайызы ашылған. Ал өткен жылмен салыстырғанда қылмыс көлемі 6,1 пайызға төмендеген. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Курсивке» берген жауабында айтылған.

Қылмыстың алдын алу мақсатында Алматы қалалық полиция департаменті азаматтардың қаржылық сауаттын арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

«Жыл басынан бері түрлі интернет-ресурстар мен Instagram әлеуметтік желісіндегі көпшілікке танымал парақшаларда БАҚ-та жария ету үшін интернетте алаяқтық әрекеттерге барған ұсталған тұлғалар туралы мақалалар жарияланды. Сауаттылықты арттыру үшін теледидар мен кинотеатрларда жиі кездесетін түрлері көрсетіліп, интернеттегі алаяқтықтың түрлері мен әдістері туралы профилактикалық бейнероликтер жасалды. Компьютерлік қылмыстарды жасаудың жаңа түрлері мен әдістері, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде ақпараттар жариялануда», делінген агенттік жауабында.


Қазіргі уақытта Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағымен тіркелген істерді дер кезінде ашып, тиімді тергеу мақсатында Алматы қаласы ІІД-нің базасында «CYBERPOL» пилоттық жобасы қосылған. Бұл жоба интернет-ресурстар арқылы жасалған қылмыстарды ашу және тергеу жұмыстарына тиімді әсер етпек.

«Компьютерлік қылмыстарды жасау әдістерінің жаңа түрлерін ескере отырып, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстармен күресудің тиімді нысандары мен әдістерін қамтамасыз ету, заңсыз ақпаратты уақтылы анықтау және ден қою шараларын қабылдау бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда мұндай қылмыспен 83 адам ұсталды», деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Осы орайда Алматы полициясы да алаяқтардың көбейгенін ескертеді. Қалалық полиция Департаменті алаяқтардың белсенділігі артып келе жатқанын айтып, азаматтарды әркімге сене бермеуге және қырағы болуға шақырды.

«Өкінішке қарай, қылмыс бір орында тұрмайды: ол күн сайын жаңа формалар мен әдістерге ие болады. Бүгінгі таңда, әркім өзінің жеке деректерінің ақпараттық қауіпсіздігі туралы біле бермейді», – дейді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дидар Аханов.

Полиция өкілінің айтуынша қазіргі таңда алаяқтықтың үш түрі белең алған.

Біріншісі – қарт адамдарға қатысты алаяқтық. Олар жәбірленушілердің үй телефондарына қоңырау шалу арқылы жүзеге асырылады: алаяқтар өздерін жақын туыстары (ұлы, қызы, немерелері) ретінде таныстырып, олармен кенеттен туындаған жағдайды шешу үшін ақша аудару қажет екенін хабарлайды. Көбінесе жол-көлік оқиғалары туралы айтып хабарласады. Бұл жағдайда әңгімені өзіңіз үзгеніңіз дұрыс.

Екіншісі – Үлкен дивидендтер уәде ететін онлайн жобаларға ақшалай қаражат салу. Әдетте, азаматтарды криптовалюталарға, акцияларға, бағалы металдарға ақша салуға көндіреді және олар әртүрлі елдердегі жоқ абоненттік нөмірлерден қоңырау шалып, инвестициялаудың артықшылықтары туралы сенімді түрде айтады. Компанияның беделін алдын ала тексеру қажет.

Үшінші – банктен қоңырау шалу. Абонент өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады және үшінші тұлғалардың сіздің атыңызға несие алу әрекеті туралы хабарлайды. Есіңізде болсын! Банк қызметкерлері ешқашан сіздің картаңыз туралы ақпаратты сұрамайды, сондай-ақ ұялы телефоныңызға жіберілген кіру кодтарын талап етпейді. Мұндай жағдайларда телефонмен сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банк сайтында көрсетілген сенімді нөмірге қайта қоңырау шалу керек.

«Әртүрлі «мессенджерлер» мен әлеуметтік желілер арқылы жіберілетін күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және әртүрлі сайттарға банк картаңыздың деректемелерін енгізбеңіз, себебі бұл вирустық файлдар мен жеке ақпаратыңызды жинауға арналған қосымшалар болуы мүмкін, болашақта банк картаңыз рұқсатсыз төлемдер үшін пайдаланылады және қаскөйлер мобильді банкингтегі қаражатыңызға қол жеткізуге мүмкіндік алады», дейді Дидар Аханов.

Сондай-ақ оқыңыз