Жаңалықтар

Нидерланды Яндекс компаниясының Yango такси қызметіне қатысты тергеу бастады

Фото: kursiv.mediа

Нидерланды Яндекстің бас компаниясына тиесілі Yango такси қызметіне қатысты тергеу бастады. Бұл жайлы Bloomberg басылымы жазды.

Тергеу 1 қыркүйекте күшіне енген және отандық такси қызметін тұтынушылардың сапарлары туралы мәліметтерді ФСБ-ге беруге міндеттейтін Ресей заңымен байланысты. Голландия билігі Ресейдің барлау қызметі сол заңға сүйеніп, Yango таксиді пайдаланатындардың деректеріне қол жеткізуі мүмкін деп алаңдайды.

Ал Yango сервисінің өкілі компанияның «GDPR талаптарына, соның ішінде деректерді сақтау мен халықаралық тасымалдау шарттарына сәйкес қызмет көрсететінін дәлелдеу үшін» Нидерланды билігімен бірге ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Сервис өкілі сонымен бірге ресейлік заңның Нидерландыға жүрмейтінін, сол себепті «еуропалық пайдаланушылардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына тікелей қауіп төнбейтінін» мәлімдеді.

Еске сала кетсек, 9 тамызда Қазақстандықтардың деректерін республика аумағынан тыс жерде сақтағаны үшін Yandex.kz домені бұғатталған болатын. Цифрлық даму министрлігі «Яндекс» компаниясы пайдаланатын деректерді өңдеу орталықтарының орналасқан жері және ҚР азаматтарының дербес деректерін қорғау шаралары, сондай-ақ «Яндекстің» құқық қорғау және арнайы органдармен өзара іс-қимыл жасау қағидаттары туралы толық ақпарат беруді талап етті.

Ал оған дейін компания «Yandex Go» сервисін тұтынушылардың жеке деректеріне Ресей федералды қауіпсіздік қызметі сұрау салса, қол жеткізе алатынын мәлімдеген.

9 тамызда Қазақстанда бұғатталған ресейлік Meduza басылымы қыркүйекте ресейлік ФСБ Яндекс такси қызметінің деректеріне, соның ішінде Ресейден тыс сапарларға тәулік бойы қол жеткізе алатынын хабарлады.

Meduza-ның хабарлауынша, «Яндекс Go» такси қызметінің, сондай-ақ оның шетелдік әріптесі Yango-ның барлық деректері қазір Мәскеу, Рязань және Владимир облыстарындағы ресейлік деректер орталықтарында сақталған. Бірақ Украинада соғыс басталғанға дейін Yango-ның кейбір деректері Финляндияның Мянтсяля қаласындағы деректер орталығында сақталып келген.

Артынша компанияның Қазақстан заңын осы күнге дейін бұзып келгені анықталды. Бұл олқылықты түзеу үшін биліктен уақыт беруді сұрады. «Яндекс» өз доменін ел аумағына көшіретінін жеткізді.