Заңсыз активтері бар олигополия субъектілеріне шара қолданылатын болды
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында олигополия субъектілерін Тізілімге енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Әлихан Смайылов төрағалық етті. Хабарламада заңсыз активтері бар бірқатар олигополия субъектілерін тізілімге енгізу туралы шешім қабылданған:
Қорытындысы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңымен белгіленген өлшемшарттарына сәйкес келетін бірқатар олигополия субъектілерін Тізілімге енгізу туралы шешім қабылданды, – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Мемлекеттік мекеменің хабарлауынша, инвестициялық, беделді, әлеуметтік-экономикалық тәуекелдер мен факторларды ескере отырып, тізілімнің мазмұнын Комиссия таралуы шектеулі ақпаратқа жатқызған.
Айта кетейік, тізілімге енгізілген тұлғалар өздеріне тиесілі активтерді иеліктен шығару, ауыртпалық салу немесе сенімгерлік басқаруға беру туралы Комитетті алдын ала хабардар етуге міндетті.
Комитет өкілдері активтерді заңсыз шығару схемаларына тартылған тұлғаларды, олардың орналасқан жерін, құнын, сондай-ақ сатып алу белгілері мен көздерін анықтау мақсатында ақпаратты мониторингілеу және талдау бойынша жұмысты жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, Үкіметте жақында ғана құрылған «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның» бірінші отырысы өткен еді. Енді заңға сәйкес, активтерді өз еркімен қайтаратын адамдарға нақты кепілдіктер беріледі. Өз еркімен қайтару шарттары, сондай-ақ тізілімді қалыптастыруды қоса алғанда, мәжбүрлі түрде қайтару жөніндегі іс-қимылдар және т.б. комиссия қарайды.