16 қазанда KEGOC SPO-ның екінші кезеңі басталды. Елдің жетекші энергетикалық компаниясы акцияларын қайталама орналастыруға қатысу үшін инвесторлардан өтінім қабылдауды бастады. Ол 2 қарашаға дейін жалғасады.
Брокерлер өтінімді, банктер мен Tabys қосымшалары, сондай-ақ «Қазпошта»АҚ бөлімшелері арқылы беруге болады.
Бірінші кезең – 17 және одан да көп KEGOC акцияларына иелік ететін акционерлер үшін акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру кезеңі 28 қыркүйекте басталды және 30 күнге (27 қазанды қоса алғанда) дейін созылады. Мұндай акционерлер брокерлер арқылы немесе тікелей KEGOC-қа жүгіну арқылы өтініш бере алады.
SPO KEGOC Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары шеңберінде экономиканы одан әрі мемлекет иелігінен алу, оның ішінде қосымша эмиссия жолымен мемлекеттік активтерді жекешелендіру есебінен өткізіледі. SPO бірлескен үйлестірушілері мен букраннерлері: «Фридом Финанс» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «SkyBridge Invest»АҚ болып табылады. Бірлескен андеррайтерлер «BCC Invest» АҚ және «Jusan Invest»АҚ..
SPO KEGOC шеңберінде 15 294 118 қарапайым акцияны ұсынады, бұл ретте «Самұрық-Қазына» АҚ үлесі компания акцияларының жалпы санының кемінде 85%-құрайды. Бір жай акцияның бағасы – 1482 теңге. Жетекші брокерлік-дилерлік ұйымдардың KEGOC акциясының нысаналы құны осы мәннен жоғары және 1950 теңгеге дейін жетеді.
Қор биржасында бастапқы орналастырылған сәттен бастап (2014 жылдан бастап) KEGOC акцияларының бағасы үш еседен астам өсті – 505 теңгеден 1525 теңгеге дейін (Қыркүйек 2023). Компания акционерлер алдындағы барлық міндеттемелерін орындайды. Орналастырудың барлық кезеңінде төленген дивидендтердің сомасы 218 млрд теңгені құрады. Дивидендтер төлеуді және акциялар құнының өсуін (TSR) ескере отырып, акцияларды сатып алған сәттен бастап акционерлердің жалпы кірістілігі – 400%. KEGOC жылына екі рет акционерлерге дивидендтер төлейді. Ағымдағы жылы компания дивидендтік саясатты жаңартты-дивидендтерді бөлу таза пайданың 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылды.
Еске сала кетейік, Тикер (активтің қысқаша атауы) KEGC3 жазылым арқылы 15 294 118 қарапайым акциясы саудаланатынын бұрын да жазғанбыз.
Инвесторлардан өтінімдерді қабылдау кезеңі 2023 жылдың 16 қазаны, сағат 12:00-ден басталып, 2023 жылдың 2 қарашасы, сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Өтінімдер 15 минут ішінде мақұлданады. Есеп айырысуды жүзеге асыру қазақстандық теңге валютасы арқылы жүргізіледі.
Бір өтінімге сай қарастырылатын акциялардың ең аз саны – 1 (бір акция). Ал бір өтінімге қатысты акциялардың максималды саны шектелмейді. Сонымен қатар, бір тұлға тарапынан берілетін өтінімдер санына да шектеу жоқ.
KASE-дегі ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматты болып саналатын инвесторлар өтінімдерін қанағаттандырудың басымдығы бар. Әрі ҚР азаматы саналатын бөлшек инвесторларының өтінімдері бірінші кезекте ұсынылатын акциялардың жалпы санынан максималды мүмкін көлемде қанағаттандырылады.
«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функциясын атқарады. Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етіп басқарады. Қызметтің негізгі түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 27 000 шақырым болатын, кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 38,99 ГВА болатын 82 қосалқы электр станциялары бар.
Компанияның 90 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болса, 7,5 пайыз акциясы БЖЗҚ-ға тиесілі. Қалған 2,5 пайыз акциясы 2014 жылы өткен «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жеке инвесторларға сатылған.
Компанияның алты ай аралығындағы есебі жарық көрді. 2023 жылғы 30 маусымдағы және 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компанияның акционерлік капиталы шығарылған 260.000.000 акцияны құрады, оның ішінде жалпы сомасы 126.799.554 мың теңгеге орналастырылған және толық төленген 259.998.610 акция.