Фото: kursiv.media
Шетелдегі қазақстандықтар үшін төлқұжатты алу уақыты 3 айдан 1,5 айға қысқарды. Бұл туралы Сыртқы істер министрілігі ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрілігі халыққа қызмет көрсетудің ыңғайлы болуын және сапасын арттыру үшін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша бірқатар шара қабылдады.
«Қазақстан азаматтарына мемлекеттік қызметті барынша қолдануға ыңғайлы болуы үшін ҚР шетелдердегі мекемелерінде eGov.kz порталы арқылы көрсетілетін 17 қызметтің 10-ы іске қосылды. Шетелде жекелеген санаттағы электрондық визаларды беру, консулдық есепке қою және алу, шетелде ЭЦҚ алу, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік инвесторлық қызметпен байланысты электронды өтініш беру процесі автоматтандырылды», – деді Айбек Смадияров.
Ол азаматтардың сұранысын өңдеу уақыты қысқарғанын мәлімдеді.
«Бұл шетелдегі Қазақстан азаматтарының төлқұжатын рәсімдеу мерзімін, Қазақстан азаматтығын, отбасылық жағдайын және басқа да сұраныстарды растауды 3 айдан 1,5 айға қысқартуға мүмкіндік берді», – деді ол.
Айтуынша, Қазақстанның 66 шетелдегі мекемелерінде электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуға және электрондық үкімет порталының барлық қызметін қолдануға болады. Бұл осы қызметке қосымша 22 консулдық мекемені қосу бойынша жұмыс жүріп жатыр.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп консулдықтарға баруды жоспарлау және адамдар кезегін болдырмау үшін онлайн брондау сервистері әзірленді. Бұл сервис еліміздің 84 шетелдегі мекемелерінде жұмыс істейді. eGov.kz порталында «консулдық қызметтер» бөлімі құрылып, бұл электронды түрде қызмет көрсетуге, кез келген кезеңде өтінімді бақылауға мүмкіндік береді», – деді СІМ ресми өкілі.
Сондай-ақ азаматтардың өтініштерін E-Otinish порталы арқылы тікелей шетелдердегі мекемелерде қарауға мүмкіндік берілген.
«Бұл өтініш берушіге жауап дайындау уақытын қысқартады. Порталға 31 шетелдік мекеме қосылған, 2023 жылдың қазанының соңына қарай барлық қалған шетелдік мекемені қосу жоспарланған», – деді Смадияров.
Италия қазақстандықтарға виза беруді жеңілдете ме?
ҚР Сыртқы істер министрлігі Италияның қазақстардықтарға виза беруіне байланысты туындаған мәселенің шешілетінін мәлімдеді.
Брифингте журналист «Италия Қазақстан азаматтарына виза беруді ұзақ қарастырып жатыр. Азаматтар мұны бірнеше ай күтуге мәжбүр. Мәселе қашан шешіледі?», деп сұрады.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл мәселе министрлік бақылауында.
«Біз бірнеше рет Италия консулы мен елшісін Сыртқы істер министрлігіне шақырып әңгімелестік. Алматы мен Милан арасында тікелей әуе рейсі бар. Ол жаққа көп жолаушылар қатынайды. Бұрын Италия елшілігіне виза бойынша жеке компания қызмет көрсеткен. Олар бұл компаниямен келісімшартты бұзып, құжаттарды мұқият және жылдам өңдейтін басқа компанияны жалдаған. Бұл туралы бізге италиялық дипломаттар айтты. Менің ойымша, мәселе алдағы уақытта шешіледі», – деді Смадияров.