Әділет министрі Стати ісіне Қазақстан тарапы жыл сайын қанша жұмсайтынын нақты айта алмады

Жарияланды

Азамат Есқараев Стати ісіне қанша ақша кеткенін айта алмайды / коллаж: kursiv.media

Қазақстан әділет министрі Азамат Есқараев Стати ісіне қатысты пікір білдірді. Брифинг барысында журналист министрден Стати ісіне жыл сайын бюджеттен адвокаттарға 60 млн доллар кететіні туралы ақпараттың рас-өтірігін нақтылауды сұрады. Сондай-ақ Қазақстанның 1 млрд доллар шығындалғанына қатысты жауап беруін сұрады.

«Қазақстаннан ешкім бір тиын өндіріп алған жоқ. Сол себепті Стати тарапы ұсынған ақпаратты жоққа шығарамын. Бұл мәселе (Стати ісі – авт.) созылып кетті. Оны мойындау керек. 12 жылдан аса уақыттан бері Қазақстан сотта уақытын да жоғалтып жатыр. Сәйкес ақша да шығып жатыр, бірақ біз өз жұмысымызды әрі қарай жалғастырып, нақты нәтижеге жетуді мақсат етіп отырмыз», – деді Азамат Есқараев.

Министр 12 жылдан бері Стати ісінн қатысты нақты қанша қаражат жұмсалғанын айта алмады.

«Нақты санды айта алмаймын. Жыл сайын бюджет жазылады. Ол — Парламент қабылдайтын заң. Заңды түрде қабылданатын ақша. (…) Біз бұл мәселені нақты мерзімде шешуге дайынбыз. Оны жұмыс тобы шеңберінде қарастырамыз», – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін әділет министрі Стати ісі бойынша Қазақстанның миллиард долларға шығынға батқаны жайлы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Оған дейін ақпанда Амстердам соты ағайынды Анатол мен Габриэль Стати және «Стати» компаниясының «Самұрық-Қазынаға» қарсы шағымы орынсыз деп тапты. «Самұрық-Қазына» қорының хабарлауынша, сот кәсіпкерлерге Ұлттық әл-ауқат қоры мен Қазақстан Республикасының сот шығындарын төлеуді міндеттеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз