Қайрат Боранбаевтың иелігіндегі қонақ үй кешені мемлекет меншігіне өтеді. Comfort Hotel Astana деп аталатын кешеннің жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асады. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеумен ерікті ынтымақтастық аясында ҚМА Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекетке қайтарып жатыр.
«Қ.Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді», – делінген хабарламада.
Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақ үй кешенінің жылдық айналымы 900 млн теңгеге жуық.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастырмен әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарланған.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүліктерге «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» заң аясында құрылған компания басшылық ететінін айтқан.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді.
Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды. Содан кейін қазақстандық кәсіпкер тергеумен процессуалдық келісімге келуге өтінішхат жолдады.
Қайрат Боранбаевтың өзі жақында Ақмола облысындағы қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстырылған.
Прокуратура Қайрат Боранбаевпен байланысы бар «Phystech II» АҚ қызметін тесеріп, мұнай компаниясы мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамағанын анықтаған. Кәсіпорын мемлекетке келтірген 1,2 млрд теңге залалды өтеп, 70 млн теңге айыппұл төлеген.