Тоқаев Аружан Саин, Асхат Оралов пен Марат Ахметжановты «Адам құқықтары жөніндегі комиссия» құрамынан шығарды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: kursiv.media

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бұрынғы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен бұрынғы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ҚР «Адам құқықтары жөніндегі комиссия» құрамынан шығарылды. Бұл туралы нормативтік құқықтық актілер ақпараттық-құқықтық жүйесіндегі жарлыққа енгізілген өзгерісте жазылған.

Комиссия құрамынан тағы кім шығарылды?

  • Қоғам және ғылым қайраткері, халықаралық заңгер Есберген Алауханов;
  • Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов;
  • Білім министрі Ғани Бейсембаев;
  • Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов;
  • Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі;
  • Мәжілістің бұрынғы депутаты Дархан Мыңбай;
  • Мәжілістің бұрынғы депутаты Артур Платонов;
  • Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхтар Тілеуберді.

Комиссия құрамында кім бар?

Аталмыш комиссия құрамында жалпы 15 адам бар. Президент жарлығымен 11 адам жаңадан енгізілді. Олар:

  1. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева;
  2. «Қайрат Иманәлиев атындағы мүмкіншілігі шектеулі адамдардың құқықтары жөніндегі комиссия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлмира Бурашева;
  3. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният;
  4. ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, комиссия хатшысы Әлия Ехласова;
  5. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова;
  6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали;
  7. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева;
  8. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева;
  9. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу;
  10. М.С. Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЗУ университетінің ректоры Сергей Пен;
  11. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Сонымен қатар комиссия құрамында қоғам қайраткері Тастемір Әбішев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Сорбонна – Қазақстан институтының директоры, Комиссия төрағасының орынбасары Айнұр Сәбитова бар.

Адам құқықтары жөніндегі комиссия 2003 жылы құрылған. Бұл – Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес танылатын және кепілдiк берiлетiн адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлi ретiндегi өзiнiң конституциялық өкілеттiктерiн iске асыруына жәрдемдесетiн консультативтiк-кеңесшi орган. Негізгі міндеттеріне:

  1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлi ретiндегi өзiнiң конституциялық мәртебесiн iске асыруы үшiн жағдай жасау;
  2. адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау тетiгiн жетілдiруге жәрдемдесу;
  3. орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөніндегi қызметiне жәрдемдесу;
  4. адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясат тұжырымдамалары мен бағдарламаларын әзiрлеуге қатысу;
  5. адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесу кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз