Қазақстан қытайлық АЭС үшін ядролық отынның партиясын экспорттады
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС Қазақстан-Қытай бірлескен зауытында дайындалған жылу бөлетін құрамалардың (ЖБҚ) партиясын Қытайға сәтті жеткізілгені туралы хабарлайды.
Янцзян АЭС-ына арналған ядролық отынды қабылдаудың салтанатты рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС, қытайлық China General Nuclear Power Group (CGN) және CGNPC Uranium Resources Company Limited (CGNPC-URC) басшылары қатысты.
«Бұл жоба біздің елдеріміздің жоғары технологиялық өндірістерді жүзеге асыра алатындығының дәлелі. CGN тобы, сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп, ҮМЗ және Үлбі-ЖБҚ басшылығының жеке үлестерін ерекше атап өткім келеді, соның арқасында біздің командаларымыз өндірістік жоспарлар мен міндеттерді орындай алды»,- деді салтанатты рәсімде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Зауыт құрамында 30 тоннадан астам төмен байытылған уран бар ЖБҚ-ның партиясын жеткізуді жүзеге асырды. Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында орналасқан Янцзян атом электр станциясында 1000 МВт қуатқа ие CPR-1000 және ACPR-1000 (PWR) реакторлары орнатылған алты энергия блогы бар.
«CGN тобы – көп жылдардан бергі біздің сенімді стратегиялық серіктесіміз. Біз уран өндіру, отын таблеткаларын шығару және жылу бөлетін құрамалар дайындау бойынша бірқатар табысты жобаларды жүзеге асырдық. Бірлескен тиянақты жұмыстың арқасында біздің ынтымақтастығымыздың барлық бағыттары табысты іске асырылатынына сенімдімін», – деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
«Үлбі-ЖБҚ» ЖШС іске қосылған сәттен бастап ЖБҚ түріндегі 200 тонна уран болатын толық қуатқа шығу үшін өндіріс көлемін үнемі ұлғайтып келеді.
«Үлбі-ЖБҚ» зауытында алдын ала жасалған 20 жылдық кепілді өнім өткізу нарығы бар. Осы инновациялық өндірісті іске қосу Қазақстанның атом станциялары үшін ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шектеулі тобының құрамына кіруге мүмкіндік берді.
Жұмыс сапары аясында қазақстандық делегация қытайлық серіктестермен кездесулер өткізді. Тараптар екі жақты ынтымақтастықтың қолда бар жоғары әлеуетіне назар аударды, іскерлік байланыстарды нығайту және атом саласындағы Қазақстан мен Қытайдың өзара тиімді қарым-қатынастарын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.