Экология министрі Қазақстанда орман өртінің жиілеп кетуіне ескі техниканы кінәлап отыр

Жарияланды
Министр орманшылардың 50 жыл бұрынғы техниканы пайдаланатынын айтты / Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстанда соңғы уақытта орман өртінің жиілеп кетуіне ескі техника себеп. Бұл жайлы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Министрдің айтуынша өрт сөндіруде орманшылар 1971 жылғы техниканы қолданады.

«Биылғы жазда Семей орманында алапат өрт орын алғанын баршаңыз білесіздер. Орман саласының 15 қызметкері тілсіз жаудың құрбаны болды. Үлкен алқапта болған өрттің бірден бір себебі табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін техникамен қамтамасыз етудің төмен деңгейі, атап айтқанда 70% деңгейінде ғана қамтамасыз етілген. Ал қолданыстағы техниканың 60%-дан астамы есептен шығаруға жатады. Мысалы, Семей орманында 65 өрт сөндіру машинасының 30 машинасы 1971-2003 жылдар аралығында шығарылған (бірқатар модельдер өндірістен алынған). 1974 жылы шыққан ГАЗ-66, 1973 жылы шыққан Урал-375 және 1980 жылы шыққан ЗИЛ-131 экспонаттары пайдаланылып жүр», деді министр.

Осы жылы жағдайды дұрыстауға яғни, техниканы жаңартуға 13,4 млрд теңге бөлінген. Жылдың соңына дейін табиғат қорғау мекемелеріне 29 өрт сөндіру автомашинасы, 59 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 151 трактор, 58 патрульдік көлік жеткізілетін болады. Оның ішінде, Семей орманына 10 өрт сөндіру машинасы, 14 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 8 өрт сөндіру прицепі жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, Үкіметтің резервінен 4400 өртке қарсы киім сатып алуға 918 млн теңге бөлінген. Ал бес жылда 2023-2027 жылдарға Үкімет қабылдаған Азаматтық қорғаудың кешенді жоспарына сәйкес табиғат қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін жарақтандыруға 68 млрд теңге бөлу көзделген.

«Орман өртімен күрестің тиімділігін арттыру үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, табиғат қорғау мекемелерінің тиістілік нормативтері қайта қаралып жатыр. Қажетті техника мен жабдықтардың тізбесіне орман шаруашылығы саласындағы қазіргі заманғы технологиялар енгізілген. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының тапсырмасына сәйкес техника паркін жаңартуды жеделдету мақсатында қаржы лизингі құралын қолдану мәселесі пысықталуда. Бүгінгі күні Үкімет орманның өрт қаупі жоғары учаскелерінде өртті ерте анықтау жүйесін орнатуды мақұлдады», деді Нысанбаев.

Еске сала кетсек, 8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығында өрт шығып, оны өз күштерімен сөндірмек болған 14 орманшы опат болған еді.

11 маусымда Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Абай ауданындағы өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, адам өліміне және қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққанын ескере отырып, арнайы прокурор немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаржы министрі 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңге бөлінетінін қосымша әр балаға 2 млн теңге берілетінін хабарлады. 

Сондай-ақ оқыңыз