Елімізде жаңа шұғыл көмек көрсету қызметі пайда болды: тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары 111 нөміріне хабарласа алады
Қазақстанда отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бірыңғай сенім телефоны іске қосылады. Бұл жайлы Үкімет үйінде пемьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеновамен өткен кеңесте айтылды.
Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіндегі 101, 102, 103 және т.б. нөмірлердің қатарына енгізіледі. Бұл азаматтарға құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу арқылы жедел түрде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары 16 қазаннан бастап «111 – AMANAT» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы хабарласа алады.
«Аталған шаралар азаматтар, әсіресе әйелдер мен балалар үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді. Байланыс орталығы мемлекеттің уақытылы көмек көрсетуінің тиімді құралына айналады, сондай-ақ өңірлер бойынша аса өткір проблемаларға мониторинг жасау үшін деректер көзі болмақ», — деді Тамара Дүйсенова.
Бұл нөмірге қоңырау шалу қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін тегін. Азаматтарға қажетті көмек мәтіндік диалог арқылы да көрсетіледі және қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылады.
Вице-премьер жүйенің үйлесімді жұмысы әйелдер мен балаларға қатысты заңсыз әрекеттердің теріс салдарынының алдын алып, азаматтарға жедел құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін, сол себепті бұл байланыс орталығына үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап өтті.