Жаңалықтар

Ақбөкенді атуға рұқсат 4200 теңгеден сатылып жатыр ма, егіс алқабын сақтау үшін қанша киік атылды – Экология министрі жауап берді

Қазақстан үкіметі 37 мың ақбөкен аулауды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні 115 киік ауланған / коллаж: kursiv.media

WhatsApp мессенджерінде киіктердің атуға рұқсат берілгені туралы хабар тарады. Осыған байлынысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді.

Алғашқыда үкімет киіктің «қарал» тәсілімен қоршауға алып сою арқылы азайтылатынын мәлімдеген болатын. Бірақ Оралда ақбөкенді атуға рұқсат 4200 теңгеге сатылып жатыр деген ақпарат тарады. Министр бұл тәсілдің соңғы уақытта жаңбыр жиі жауып, ауа-райының қолайсыздығына байланысты қарал тәсілін жүзеге асыру қиындап кеткені себепті енгізілгенін айтты.

«Жалпы, осы науқанды дайындаған кезде екі тәсіл қарастырылды. Біріншісі – қарал тәсілімен тор құру арқылы ұсталып, бауыздалып, комбинаттарға жеткізіледі. Екіншісі – түн ішінде ату тәсілі. Біз алғашқыда қарал тәсілімен азайту науқанын бастаған болатынбыз. Бірақ соңғы екі аптада жаңбыр көбейіп, бұл тәсілді қолдануда біраз қиыншылықтар туындады. Сол себепті биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді де қолдануға шешім қабылдадық. Бүгінде бұл жұмыстар тоқтап тұр. Өйткені оған біраз дайындық қажет болып жатыр. Киік аңшылыққа арналған жануар», деді.

Нысанбаев Кеңес дәуірінде мемлекет жылына 300-350 мыңға дейін ақбөкен еті әзірлеп отырғанын, бірақ саны тым азайып кетуіне байланысты бұл тәсіл тоқтатылғанын айтты. Алайда бүгінде оның популяциясы тарихи санынан асып кеткеніне байланысты реттеуді талап ететінін айтты. Жалпы, бүгінгі күні екі тәсілмен 115 киік ауланған екен.

«2003 жылы киік саны бар-жоғы 21 мың болып қалған. Мемлекет қыруар ақша салып, ақбөкен санын 1 млн 950 мың басқа жеткізді. Киік жалпы өсімтал мал. Орал өңірі жалпы 300 мың киікті ғана қамти алады. Одан үлкенге жайылымдық жер жетпейді. Ал қазіргі уақытта Орал популяциясы 1 млн 150 мың. Ал Бетпақдаланыкі 800 мыңға жуық. Біз оның 337 мыңын азайтуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні қарал тәсілі арқылы 91 бас киік сойылды, екінші тәсілмен 14 бас киік ауланды. Біз бұл қадамға диханшылардың егінін сақтау үшін барып отырмыз», деді министр.

Ол жалпы жабайы табиғат аясында бұл жануарлардың саны табиғи жолмен реттеліп отырғанын, бірақ бұл табиғи реттеу жүйесі елімізде дұрыс жүрмейтінін айтты. Сол себепті қолдану азайту ең оңтайлы шешім деп танылған.

«Киік санын қасқыр реттейтін, жұт реттейтін, індет реттейтін. Бүгінгі күні біз табиғаттың реттеуін күтіп отыра алмаймыз. Егер дәл осылай жалғаса берсе, жұт болуы әбден мүмкін. Сол себептен біз оларды тиімді қолдануды көздеп отырмыз», деді министр.