QazaqGaz және PetroChina International компаниялары газ экспорты бойынша 2023-2026 жылдарға арналған жаңа келісімшартқа қол қойды.
Құжаттың қос компания ынтымақтастығын дамытып, Қазақстан газын Қытайға экспорттау бағытындағы серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Келісім Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев бастаған ҚР өкілдерінің қатысуймен Қытай елінде өтіп жатқан «Бір белдеу, бір жол» саммиті аясында бекіді, – делінген ақпарат мәтінінде.
«QazaqGaz «Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін Қазақстан Республикасының негізгі газ компаниясы.
Компания тауарлық газды магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады. Халықаралық транзитті қамтамасыз етіп, ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, құбырлар мен газ қоймаларын әзірлейді, қаржыландырады, салады және пайдаланады.
Биыл QazaqGaz жалғыз акционері – «Самұрық-Қазынаға» дивиденд ретінде 27,1 млрд теңге немесе 2022 жыл қорытындысы бойынша алынған таза пайданың 7%-ын төлеген.
2022 жылы бойынша QazaqGaz 386,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Таза табысының қалған бөлігі – 359,6 млрд теңге, компанияның иелігінде қалды.
QazaqGaz копаниясы 2025 жылы IPO-ға шығуды жоспарлап отыр.