Қазақстанда биыл шетелден АИ-95 бензинін тасымалдау көлемі 100 есе өскен

Жарияланды

2023 жылдың 8 айында өзге елдерден елімізге 6,1 мың тонна АИ-95 маркалы бензин жеткізілген. Көрсеткіш 2022 жылдың осы кезеңіндегі 60,4 тоннамен салыстырғанда 101 есе артып отыр. Бұған Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Ұлттық статистика бюросы деректері дәлел.

Бірінші кредиттік бюроның хабарлауынша, 2021 жылы импорт болған жоқ. Ал 2020 жылы ол 0,3 мың тоннаның айналасында болған. 2018 жылға дейін ондаған мың тонна АИ-95 сырттан импортталып, өз елімізде аз өндірілген.

Сырттан жеткізілетін жанармай көлемі шілде-тамыз айларында артып, 2023 жылғы жалпы көлемнің 65%-ын құраған. Сол кезде билік Шымкент МӨЗ-да жөндеу жүргізілуі және Атыраудағы МАЭК-те кіші-гірім апат болуына байланысты ішкі нарықта жанар май тапшылығы туындай бастады.

Көп ұзамай Энергетика министрлігі Ресей Федерациясынан АИ-95-ті «бір реттік жеткізілім» түрінде әкелу туралы мәлімдеді.

Бірақ қыркүйек айының соңында Атыраудағы зауыт күрделі жөндеуден өтті. Бұл аралықта бензинді сатып алу көлемі одан әрі артатыны белгілі болды. Энергетика министрлігінің АИ-92 бензинінің тапшылығын болдырмау үшін Ресейден 110 мың тонна бензин экспорттау үшін келліссөз жүргізіп жатқанын жазған едік. .

Энергетика вице-министрі Ернар Ақкенженов қазан айында АИ-95 бензиніне сұраныс азайып, жағдай тұрақталатынын мәлімдеген.

«Биыл Қазақстан АИ-95 бензинінің 40 мың тоннасын импорттауды қарастырған. Қазірге дейін тиісті келісімшарт жасалды. Импорт тамызда жасалады. Бірінші импорт – 19 мың тонна (АИ-95). Ол бірнеше ай болады. Шымкент МӨЗ толық қуатына көшкенде АИ-95 бензиннін өндіруді бастаймыз», – деп мәлімдеген болатын вице-министр.

Сондай-ақ оқыңыз