Қазақстанда Алматы, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстарында жоғары технологиялық мультимодальды қоймалар салу жоспарланып отыр. Сол себептен Қытай тарапы Қазақстанды Еуразия құрлығындағы логистикалық және сауда хабына айналады деп есептейді.
Бүгінгі, Сейсенбі, 17 қыркүйек күнгі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына сапары аясында «Қазпошта» АҚ мен қытайлық «Sai Cheng Logistics International Co.,Ltd» және «YTO EXPRESS Co. LTD» компаниялары ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Келісім негізінде халықаралық жеткізілімдерді кеңейту, коммерциялық экспресс-жеткізу, трансшекаралық электрондық коммерцияны дамыту, тауарларды Қытайдан Қазақстан арқылы басқа елдерге жеткізу қауіпсіздігін жақсарту бағатында бірлескен жұмыстар қолға алынатыны айтылды.
Мәселен, Қазақстандық пошта мен «Sai Cheng Logistics International Co., Ltd» Қытайдан Қазақстанға тауарларды халықаралық тасымалдауды жеткізуді көздеп отыр.
«YTO EXPRESS Сo. LTD»-мен өзара ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – Қытай мен Қазақстан арасындағы электрондық коммерцияны дамыту, Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы сауда алмасуды жетілдіру.
«YTO Group компаниясымен Қытайдан Еуроодақ, Орталық Азия, ЕАЭО елдеріне тасымалдау көлемін ұлғайтуға, Қазақстан аумағында әуе хабтарын құра отырып, жүк тасымалдарының авиамаршруттарын оңтайландыруға мүмкіндік беретін ауданы 40 000 шаршы метрді құрайтын қойма салу жоспарлануда. «Қазпошта» экспорттық-импорттық операциялар үшін, кедендік декларацияларды рәсімдеу бойынша «YTO Express Group» компаниясының кеден өкілі болады», – деп атап өтті «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова.
Мұнымен қоса, Қазақстанда электрондық коммерция тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, барлық процестерге қызмет көрсету, сақтау, кедендік рәсімдеу, сүйемелдеуді қоса алғанда, электрондық сауда тауарларын өңдеуге мүмкіндік беретін қойманы 2024 жылдың мамыр айында ашу жоспарланған.
Мұндай стратегиялық келісімдер Қазақстанның Ұлттық пошта операторы мен жетекші қытай компаниялары арасындағы байланысты нығайтып, халықаралық жеткізу және логистика саласында клиенттерге тиімді қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Естеріңізде болса, біз бұрын да Қазақстан экономикасының тірегіне айналған ірі компаниялардың барлығында Қытайдың үлесі бар екенін жазғанбыз.
Таяу келешекте Қытай инвестицияларының Қазақстан экономикасына ықпалы қалай жүзеге астаынына қатысты болжамдар айтыла бастады. «Синопсис» атты Қытай және Орталық Азияны зерттеу орталығы Руслан Ізімов Қазақстанның уран секторындағы Қытай үлесінің тез өсуіне назар аударады. Мұндай Қытайға және қытайлық инвестицияларға үлкен тәуелділік белгілі бір тәуекелдерді тудыруы мүмкін екенін айтады.