Боранбаев шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды

Жарияланды

Алты жылға сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Бұл жайлы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің хабарлауынша, Қайрат Боранбаевқа қатысты жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында ол өз еркімен тергеумен ынтымақтасу ниеті туралы мәлімдеген.

Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды, – делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Еске салайық, көгілдір отынды әкелу кезінде қаражат ұрлау фактісі бойынша жүргізілген тергеу аясында Боранбаев 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өтеген болатын. Мониторинг агентті қаражаттың білім беру нысандарын салуға жұмсалатынын атады:

Бұл қаражат қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру саласын қолдауға, мектептер мен басқа да оқу орындарын салуға және қайта жаңартуға, сондай-ақ бүкіл республика бойынша әлеуметтік салаға бағытталатын болады (ҚР Бюджет кодексі 52-3 бап).

Естеріңізде болса, Қайрат Боранбаевтың иелігіндегі қонақ үй кешені мемлекет меншігіне өтетінін жазғанбыз. Comfort Hotel Astana деп аталатын кешеннің жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асады. 

Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың  құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді.

Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды. Содан кейін қазақстандық кәсіпкер тергеумен процессуалдық келісімге келуге өтінішхат жолдады. 

Қайрат Боранбаевтың өзі жақында Ақмола облысындағы қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстырылған.

Прокуратура Қайрат Боранбаевпен байланысы бар «Phystech II» АҚ қызметін тесеріп, мұнай компаниясы мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамағанын анықтаған. Кәсіпорын мемлекетке келтірген  1,2 млрд теңге  залалды өтеп, 70 млн теңге айыппұл төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз