Қарапайым экономика: теңге бағамы неден құралады?

Жарияланды

Теңге бағамы неге құбылады? Доллар неге  шамамен 475-480 болып тұр? Осы бағам қайдан пайда болады? Оны кім бекітеді? Қарапайым халықта теңгеге қатысты осындай сұрақтар көп.

Теңге  –  еркін конверттелетін нарықтық валюта. Яғни, оның бағамын ешкім арнайы бекітпейді. Бағам Қазақстан қор биржасындағы алып-сату нәтижесінде белгілі болады. Теңгені басып шығаратын Ұлттық Банк оның бағамын таргеттеу, яғни реттеу режимінен кетіп, қазір тек инфляцияны таргеттеу (белгілі-бір шек аясында ұстап тұру) режимімен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, теңге тағдыры нарықтың жеке қолына берілді. Енді мемлекет бар күшін тек инфляцияға салады.    

Бұл өте жақсы. Себебі, бұған дейін бірнеше рет орын алған күтпеген девальвациялардан кейін халықтың теңгеге деген сенімі жоғалып кеткен болатын. Ал девальвациялар әу баста теңгені нарық емес, мемлекет өзі реттеп отырғандықтан болды.  Ал теңгені қолдан ұстап тұру өте қымбат. Ашығын айту керекпіз, сол жылдары бізде мемлекеттің алтын-қор резерві босқа жағылып кетті. 

Енді нарық жағдайында мемлекет теңге бағамына резервтерін құртпайтын болады. Бірақ бұл мемлекет қор нарығында валюталық операциялармен айналыспайды деген сөз емес. Мысалы, Ұлттық Қордан республикалық бюджетке қаржы аударғанда, биржада қордан келген долларды теңгеге ауыстыру қажет болады. Оның іс-қимыл кестесі алдын-ала жарияланады. Нарық қатысушылары бәрін көріп, бақылап жүреді. Яғни, мемлекет валюта нарығында күтпеген іс-қимылдар жасамайды. Одан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры керісінше халықтан теңгелей жиналған зейнетақы салымдарын бекітілген график бойынша долларға ауыстырып отырады.

Теңге бағамы қайдан шығады?

Теңге бағамы Қазақстан қор биржасының валюталық сауда-саттық алаңшасында саудаланады. Мысалы, теңгенің долларға шаққандағы бағамы USD/KZT жұбы саудасының қорытындысы бойынша анықталады. Таңғы сауда сессиясы Астана уақытымен сағат 10:15-те басталып, 11:00-де аяқталады. Сонымен бірге, түскі және кешкі сессиялары бар.  Демек сағат 11-00-ден кейін сол күнгі теңгенің алғашқы нарықтық бағамы анықталады. Осы сауда-саттыққа банктер, шетел валютасымен операция жасайтын түрлі компаниялардың тапсырмасын орындайтын брокерлер, валюта айырбастау фирмаларының өкілдері қатысады.

Орта есеппен, қазіргі таңда валюта биржасында 33 белсенді ойыншы бар. Банктер де осы тізімге кіреді. Осы нарықтық қатысушылар тарапынан жасалатын сұраныс пен ұсыныс көлемі теңгенің күн сайынғы құбылуына әсер етіп, оның бағамын анықтап отырады. Мемлекет, Ұлттық Банк бұл процеске мүлде араласпайды. Олар тіпті үлттық валюта курсының жыл аяғында қанша болатынын да білмейді. Оның барлығы нарыққа байланысты. Биыл орта есеппен USD/KZT жұбында бір күнде 150 миллион долларға операция жасалып жүр. Бірақ, былтырғыға қарағанда USD/KZT жұбындағы операциялардың қаржылай көлемі төмендей бастағанын байқап отырмыз.

Теңге бағамы долларды сатып алу/сатудың биржада өткен ең төменгі бағасы мен ең жоғарғы бағасының ортақ мәнінен құралады. Мысалы, ең төменгі мәміле бір долларға 473,5 теңге, ал жоғарғы мәміле долларына 480,2 болса, онда теңге құны сол сессия нәтижесінде 476,85 болып белгіленеді.

Мемлекет неге ресми бағам бекітеді?

«Егер теңге нарықтық жағдайда бағамдалса, неге Ұлттық банк теңгенің ресми курсын жариялайды?» деген сұрақ туатыны заңды. Оның нақты себебі бар. Ұлттық Банктың валюта бағамы биржадағы нарықтық бағамға сәйкес бекітіледі. Біздегі ішкі операциялар, төлемдер теңгемен жүретіндіктен, ресми курс шетел валютасымен келген табысқа теңгелей салық төлегенде, басқа да төлемдер жүргізгенде қажет болады. Барлық есеп-айырысулар осы ресми бағамды есепке ала отырып жүргізіледі.

Теңге бағамының жоғары не төмен болуына не әсер етеді?

Кез-келген валюта сияқты теңгеге сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді. Қазіргі құбылуға ықпал еткен сыртқы факторлардың ішінде доллардың жаһандық нығаюы және оның салдарынан дамушы елдер валюталары индексінің төмендегенін, рубльдің долларға қатысты әлсіреуін атап өтуге болады. Ішкі факторлар дегенде квазимемлекеттік компанияларды валюталық түсімдерін сатуды міндеттеудің қазір күшін жойғанын атап өтуге болады.

Егер жүйелі түрде қарасақ, теңгеге мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының ықпалы зор. Баға қымбат болса, валюталық түсімдеріміз көп болып, сыртқы сауда балансы біз үшін жағымды болады. Яғни экспортымыздың ақшалай көлемі импорттан асып тұруы тиіс. Ал жалпы алғанда, ұлттық валюта ахуалы сол елдің экономикалық қуатына тікелей байланысты. Сол себепті, ішкі өндірісті арттыру, шикізаттық тәуелділіктен кету аса маңызды болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз