Қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйі тексеріледі: Қорғаныс министрлігінің бүкіл бөлімінде тексеріс жүріп жатыр
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігінің әскерлері мен мекемелерінде қорытынды тексеру жүріп жатыр. Қорытынды тексеру – әскери қызметшілердің білім деңгейін, дағды мен машығын бағалауға анықтауға мүмкіндік беретін кешенді сынақ түрі. Оған әскери басқару органдары, Қарулы Күштердің құрамасы мен бөлімдеріндегі жеке құрам 100% қатысады.
Кешенді комиссия жедел және жауынгерлік даярлық, жауынгер кезекшілігі, әскерлер қызметі және диверсияға қарсы қауіпсіздік, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін, бағынысты құрамалар мен әскери бөлімдерде жауынгерлік және жұмылдыру дайындығы мәселелері бойынша лауазымды адамдардың жұмысын ұйымдастыру сапасын тексереді.
Қарулы Күштер Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы полковник Анатолий Довганюктің айтуы бойынша, қорытынды тексеріс бөлімшелер мен олардың басқару органдарының үйлесімділік дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.
Аталмыш шаралар үш кезең бойынша ұйымдастырылған. Алғашқы екеуінде – құрамалар мен әскери бөлімдер, соңында – Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың құрылымдық бөлімшелері, Қарулы Күштер түрлерінің, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің басқару органдары тексеріледі.
«Бұған қоса басқару пункттерінде, оқу сыныптарында және полигондарда әскери қызметшілер мен бөлімшелердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығы да тексеріледі. Тексерілетін оқу пәндерінің қатарына – тактикалық, тактикалық-арнайы және арнайы, атыс, техникалық, инженерлік және дене шынықтыру даярлығы, жауынгерлік және арнайы машиналарды жүргізу кіреді. Мемлекеттік-құқықтық негіздер және жалпыәскери жарғыларды білу деңгейі де назардан тыс қалмайды», -делінген хабарламада.
Практикалық сабақтардың кем дегенде 30%-ы түнде өтеді. Одан бөлек, бақылау сабақтары барысында әртүрлі жауынгерлік және арнайы іс-қимылдар түрлерінде бөлімшелердің атысын басқару бойынша практикалық іс-қимылдар тексерілмек,
Қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының шұғыл кеңесін өткізіп, Қазақстан армиясын жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтасыз етуд тапсырды.
Ал Қорғаныс министрлігі Ресейге салынған санкциялар Қазақстан әскерінің қару-жарағы мен әскери техникасына әсер етеді деп мәлімдеді.
Қазақстан қорғанысқа қажетті қару-жарақты көбінде Түркия, Сербия және Қытайдан сатып алады. Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытбек Сыздықов қазіргі уақытта Ресей мен Белорусь өнімдерін сатып алуға санкция салынғандықтан, басқа елдерді қарастырып жатыр.
Кейінгі 3 жылда Қазақстан әскеріне отандық және шетелден шыққан бронды техника түрлерінің жеткізілуіне қатысты министрлік мынадай ақпарат берген:
«2020-2022 жылдарда Қарулы Күштерге тек «Арлан» БКМ-ның (ҚПИ) 48 бірлігі сатып алынды, оның ішінде 2020 жылы – 30 бірлік, 2021 жылы – 18 бірлік. 2022 жылы жауынгерлік модульді 10 бірлік жарақ құрамына қабылданбады, әскери тәжірибеде пайдалану іске асырылып жатыр».
Оан бөлек, Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасын әзірледі. Заң жобасы 2023 жылдың желтоқсан айына дейін Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілмек.