2024 жылдан бастап қазақ тілінен тест тапсыру кімдерге міндетті болады?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
язык
Фото: shutterstock; freepik

Қазақстанда қазақ тілін меңгеру деңгейі бойынша ұлттық стандарт жобасы мақұлданды. 2024 жылдан бастап бірқатар азамат тестілеуден өтуі тиіс.

Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, стандарттың басты мақсаты – қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау, содан кейін ҚР Ұлттық тестілеу орталығы тест өткізіп, тиісті сертификат береді.

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның қабылдануымен байланысты жоғарыда аталған әзірленген стандарттар өте қажет, өйткені олар жұмысты нақты регламенттер мен талаптарға сәйкес келтіреді», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Міндетті тестілеуден:

  • магистратура мен докторантураға түсетін студенттер;
  • мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» органының кадр резервіне енген қызметкерлер;
  • «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер талапкерлер;
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына түсуге үміткер студенттер;
  • «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» оқытушылары өтеді.

Стандартты әзірлеуші – ҚазСтандарт, құжат 2024 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енуі тиіс.

Бұған дейін тестілеу екі түрге бөлінетінін жазғанбыз: диагностикалық және сертификаттық. Диагностикалық және сертификаттық тестілеу қағаз немесе электронды түрде өткізіледі.

Диагностикалық тестілеу 1 сағат 40 минутқа созылып, 100 сұрақтан тұратын келесі бөліктерді қамтиды:

  • Тыңдалым – 20 тапсырма (20минут);
  • Лексика-грамматикалық құрылым – 40 тапсырма (30 минут);
  • Оқылым – 40 тапсырма (50 минут).

Ал сертификаттық тестілеу 100 тест тапсырмасынан тұрады. Онда тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым,  оқылым бөліктері бар. Жазылым бөлігі бойынша деңгейге сәйкес 2-3 жазбаша тапсырма және айтылым бөлігі бойынша 1-2 ауызша тапсырма орындау қажет.

  • Тыңдалым – 20 тапсырма (20 минут);
  • Лексика-грамматикалық құрылым – 40 тапсырма (30 минут);
  • Оқылым – 40 тапсырма (50 минут);
  • Жазылым – 2-3 тапсырма (35-60 минут);
  • Айтылым – 1-2 тапсырма (7 минут).

Әр тапсырма бір балмен бағаланады. Әрбір дұрыс жауап үшін бір балл беріледі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталған еді. Оның айтуынша, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді.

«Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет», – деді Президент.

Сондай-ақ оқыңыз