Еліміздегі авиакомпанияның екіге бөлінуі билет құнын арзандатпайды – сарапшы
Елімізде авиатасымалдаушылардың қызмет көрсету сапасы мен билет бағасының қалыптасуына бірінші кезекте әуежай инфрақұрылымы әсер етеді. «Экономикалық зерттеулер институты» өңірлерді зерттеу орталығының директоры Ерлан Кәрімовтың сараптамасына сәйкес, неғұрлым инфрақұрылым ескі болса, соғұрлым билеттер қымбат болады.
Сарапшы өз зерттеуінде Қазақстанда авиабилеттердің «қымбаттығының» негізгі үш себебін атады. Біріншіден – әуежай инфрақұрылымы тозған, екіншіден – елімізде авиакеросин тапшы, үшіншіден өңірлік әуежайларды күтіп ұстау тиімсіз.
«Әуежайлардағы аэродромдардың негізгі қорларының физикалық тозуы сыни деңгейден асады және 68% құрайды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес 50%-дан астам тозу – әуе торабы қызметіндегі тұрақтылықтың жоғалуын білдіреді, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қатерін, күтпеген күрделі салымдарды және қаржылық орнықтылықтың жоғалуын, халықаралық тасымалдар нарығынан кетуді білдіреді», дейді маман.
Екінші себепке келер болсақ, елімізде авиакеросин тапшылығы жылына 300 мың тоннаны құрайды екен. Ал авиабилет құнының құрылымында авиакеросинге арналған шығындар шамамен билет бағасының 30%-ын құрайды. Бұл өз кезегінде жолаушылардың билетінің құнына айтарлықтай әсер етеді. Сондай-ақ 2011 жылдан бастап Қазақстанда авиакеросиннің құнының реттелмеуі де бұл жағдайды күрделендіре түскен.
Сондай-ақ сарапшы пікірінше, Қазақстанның барлық өңірлік әуежайлары іс жүзінде тиімсіз және әуежайлардың ұшу-қону жолақтарын күтіп ұстау қаржылық тұрғыда қиын.
Жалпы, Қазақстанда тұрақты коммерциялық тасымалдауды 6 авиакомпания орындайды. Олар – «Air Astana»; «FlyArystan» («Air Astana» еншілес ұйымы); «SCAT»; «Qazaq Air»; «Оңтүстік аспан»; «Жетісу». Бұл әуе компаниялары ел ішінде аптасына 61 маршрут бойынша 694 рейс жасайды. Ал халықаралық 118 маршрут бойынша 31 елге аптасына 583 рейс жасайды екен. Нәтижесінде 2022 жылы әуежайлар 21,1 млн адамға қызмет көрсетіп, 24,5 мың тонна жүк тасымалдаған.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда авиабилеттерге баға белгілеуді мемлекет реттемейді, авиакомпаниялар тарифтерді дербес белгілейді. Сондықтан отандық авиакомпаниялар авиамаршруттардың сұранысына және авиарейстердің жүктелуіне байланысты серпінді баға белгілеу жүйесін пайдаланады, жеңілдіктер билеттерге сұраныс төмен болған кезде қолданылады, ал сұраныс артқан кезде баға өседі», дейді сарапшы.
Орталық басшысы сонымен бірге Ирландияның «Ryanair» лоукостері мен Қазақстанның «FlyArystan» компанияларының бағасын салыстырған. Онда Қазақстандық лоукостердің халықаралық рейстері 20%-ға қымбат шыққан. Ал ішкі рейстерде бағасы салыстырмалы түрде төменірек.
«Ел ішінде авиабилет құнының төмен болуының ықтимал себебі «FlyArystan» лоукостері шығындарды қысқартуға, бірыңғай бухгалтерия жүргізуге және лоукостердің кейбір бағыттарын субсидиялауға мүмкіндік беретін «Air Astana» бас компаниясының инфрақұрылымы мен техникасын пайдалануы себеп. Тиісінше, Мәжіліс депутаттарының екі авиакомпанияны бөлу жөніндегі ұсынысы билеттердің құнын арзандатпайды», дейді маман.
Институт өкілі билет құнын арзандаут үшін біршама кешенді шаралар жасалуы тиіс деп санайды. Олар:
- терминалдарды, ұшу-қону жолақтарын, периметрлік қоршауларды реконструкциялау, орталықтандырылған жанармай құю жүйесін, ЖЖМ қоймаларын жаңғырту;
- әуежайларды тексеру кезінде қолданылатын заманауи техникалық құралдармен жарақтандыру;
- әуеайлақты ұстауға және әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсетуге, ұшуды авариялық-құтқару қамтамасыз етуге арналған арнайы техниканы жаңарту;
- әуежайлардың өндірістік ғимараттары мен құрылыстарын жаңарту;
- қазақстандық МӨЗ-де Jet A-1 маркалы авиакеросин өндірісін оқшаулау;
- өңірлік әуежайларды қаржыландырудың жеткіліктілігі проблемаларын шешу ұсынылады (өңірлік әуежайлар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар әуежайларды жаңғырту бойынша тиісті қаржыландыруды қамтамасыз ете алмайды).
«Қазақстанда әуежайлардың бағыттары бойынша жолаушылар ағындары мен жүк ағындарын бөлуде өңірлік диспропорция байқалады. Осылайша, еліміздегі 21 әуежайдың ішінен 2 ірі әуежайға (Алматы және Астана қалаларының) барлық авиатасымалдардың жартысы келеді. Тиісінше, өңірлік әуежайлар транзиттік әлеуетін толық пайдалана алмайды. Өңірлік әуежайларды техникалық жаңғырту, сондай-ақ авиакеросин тапшылығы проблемаларын шешу авиабилеттердің уақыты мен құнын қысқартуға мүмкіндік береді, тиісінше ішкі және халықаралық бәсекелестік дамиды», дейді Кәрімов.
Керісінше жағдайда елде халықаралық, содан кейін ішкі рейстер біртіндеп қысқарып, бұл билеттердің қымбаттауына ғана емес, сонымен қатар жолаушылардың қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер ететінін айтады Ерлан Кәрімов.
Еске сала кетсек, мәжілісте депутаттар еліміздегі авиакомпаниялардың билет құнына қатысты мәселені көтеріп, депутат Айдос Сарым халыққа ұшу бағасы арзан болу үшін құрылған FlyArystan әуе компаниясының бағалары аспандап кеткенін айтқан болатын.
Көлік министрі Марат Қарабаев сұраныс ұлғайғандықтан бағалар да өскенін жеткізді.
«Жалпы мәселе сұраныс пен ұсыныста. Мысалы 2021-2022 жылдармен салыстырғанда авиатасымалдауға сұраныс 17%-ға өсті. Биыл 26%-ға өсіп отыр. Сұраныс өсіп жатыр, ал ұсыныс сұранысқа төтеп бере алмай жатыр. Бұл мәселені шешу үшін ұшақтардың санын көбейту керек. Былтыр отандық авиакомпаниялар 14 ұшақ алған. Биыл тағы да 11 ұшақ алады. Нәтижесінде Қазақстан ұшақтарының саны 100-ге жетеді және ондағы орындықтар саны 12 мыңнан 15 мыңға артады. Яғни 3 мың орын қосылады. Ал 2024-2025 жылдарға қарай тағы 30 ұшақ сатып алуды жоспарлап отырмыз. Солайша орындар 20 мыңға жетеді», деді.
Оған дейін, әуе билеттерінің тым аспандап кеткенін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та сынады. Ол әуе билетінің бағасы Еуропа мен АҚШ-тан екі есе қымбат екенін айтқан болатын.
«Рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағым көп. Рейстердің кешігу себебі уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды. Осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін», – деді Смайылов.