Авиабилеттерге баға белгілеу заңмен реттелмейді: Смайылов өзі «қымбат» деп сынға алған билет құнын арзандата алмай ма?
Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов «Ақ жол» партиясының депутаттары «Fly Arystan» лоукостерінің билеттерінің қымбаттығына қатысты жолдаған суалына жауап берді. Үкімет басшысы өз жауабында «Fly Arystan» лоукост-авиатасымалдаушысы бағаларды сұраныстың артуына байланысты белгілейтінін, жалпы елдегі авиакомпаниялардың бағаны мүлде көтермегенін айтқан.
Депутаттар өз сауалында «Fly Arystan» компаниясының әуе билеттерінің бағасын түсіруді, яғни билет құнының азаматтарымыздың табысына сай арзан болуын сұраған. Сонымен бірге нағыз бәсекелестік болу үшін «Fly Arystan» компаниясын «Air Astana» компаниясынан бөлек шығарып, болашақта жекешелендіру мәселесін көтерген. Смайылов депутаттардың бірінші сауалына қатысты – компанияның бағаларды өсірмегенін, олардың динамикалық белгілеу тәсілін қолданатынын айтқан.
«Fly Arystan» тарифтік желісі өзгерген жоқ, алайда халық тарапынан сұраныстың өзгеруі және жолаушылар санының жыл сайынғы өсуі авиабилеттердің түпкілікті құнына әсер етеді. Мәселен, «Fly Arystan» ақпараты бойынша Астана – Ақтөбе бағыты бойынша (қашықтық 1 007 км) ең төменгі тариф 8 581 теңгеден 50 081 теңгеге дейін, Алматы – Атырау бағыты бойынша (қашықтық 2 003 км) – 15 328 теңгеден 63 538 теңгеге дейін. Қазақстандық авиатасымалдаушылар сұраныстың маусымдылығы, белгілі бір кезеңдер үшін сұраныстың елеулі ауытқуы, әуе кемесінің түрі, орындардың саны, рейстің ұшу уақыты, сондай-ақ авиабилетті сатып алу күні (ұшуға дейінгі күндер саны) сияқты нарықтық факторлар негізінде айқындалатын динамикалық баға белгілеуді пайдаланатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеге сәйкес авиабилеттерге баға белгілеу заңмен реттелмейді», деп жауап берген.
Ол сонымен бірге авиакомпаниялар бағаны негізсіз көтерсе, Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылатынын ескерткен. Ал жалпы алғанда елдегі авиакомпаниялар әуе кемелеріне және олардың қосалқы бөлшектері мен техникалық қызмет көрсету құнының артуына қарамастан, авиабилеттерінің құнын өзгертпегені айтылады жауапта.
Ал «Fly Arystan» компаниясын «Air Astana-дан» бөліп алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, осы жылдың 4 тоқсанында компанияға жеке сертификат берілетіні айтылған.
«Бүгінгі таңда «FlyArystan» құрылымдық бөлімшесін жеке заңды тұлғаға
бөлудің кезеңдік жоспары әзірленді. «FlyArystan» АҚ Жарғысы бекітілді, сондай-ақ қайта тіркеу рәсімдері жүзеге асырылады, компанияның ұйымдық құрылымын қалыптастыру, әуе кемелерін беру және «FlyArystan» АҚ қызметінің басқа да бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде кірістер мен шығыстарды бөлек есепке алуды енгізу көзделген. Пайдаланушының жеке сертификатын алуға құжаттарды беру «FlyArystan» АҚ ағымдағы жылдың 4 тоқсанында жоспарланып отыр. Бұл шаралар бәсекелестік ортаның дамуына, нарық субъектілері арасындағы бәсекелестік жолымен авиабилеттер құнының төмендеуіне оң әсер етеді», дейді Смайылов.
Авиабилет бағасы мәселесін осыған дейін Әлихан Смайыловтың өзі де көтерген болатын. 30 мамыр күні өткен жиында әуе билеттерінің тым аспандап кеткенін сынап, әуе билетінің бағасы Еуропа мен АҚШ-тан екі есе қымбат екеніне тоқталған.
«Рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағым көп. Рейстердің кешігу себебі уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды. Осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін», – деді Смайылов.
Ал мәжілісте депутаттар еліміздегі авиакомпаниялардың билет құнына қатысты мәселені көтеріп, депутат Айдос Сарым халыққа ұшу бағасы арзан болу үшін құрылған FlyArystan әуе компаниясының бағалары аспандап кеткенін айтқан болатын.
Көлік министрі Марат Қарабаев сұраныс ұлғайғандықтан бағалар да өскенін жеткізді.
«Жалпы мәселе сұраныс пен ұсыныста. Мысалы 2021-2022 жылдармен салыстырғанда авиатасымалдауға сұраныс 17%-ға өсті. Биыл 26%-ға өсіп отыр. Сұраныс өсіп жатыр, ал ұсыныс сұранысқа төтеп бере алмай жатыр. Бұл мәселені шешу үшін ұшақтардың санын көбейту керек. Былтыр отандық авиакомпаниялар 14 ұшақ алған. Биыл тағы да 11 ұшақ алады. Нәтижесінде Қазақстан ұшақтарының саны 100-ге жетеді және ондағы орындықтар саны 12 мыңнан 15 мыңға артады. Яғни 3 мың орын қосылады. Ал 2024-2025 жылдарға қарай тағы 30 ұшақ сатып алуды жоспарлап отырмыз. Солайша орындар 20 мыңға жетеді», деді.
Наурызда азаматтық авиация саласындағы бәсекелестікті дамыту аясында FlyArystan әуе компаниясы Эйр Астанадан бөлініп шығатыны айтылды. Алайда Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Ерлан Кәрімов авиакомпанияны екіге бөлу билет бағасына еш әсер етпейтінін айтады. Ол «FlyArystan» лоукостері шығындарды қысқартуға, бірыңғай бухгалтерия жүргізуге және лоукостердің кейбір бағыттарын субсидиялауға мүмкіндік беретін «Air Astana» бас компаниясының инфрақұрылымы мен техникасын пайдалануы себепті арзан болатынын айтқан.