Төрт жарым жылда үйдегі зорлық зомбылықтан 869 адам көз жұмды – министр
Соңғы төрт жарым жылда үйдегі зорлық зомбылықтан 869 адам көз жұмған. Бұл жайлы Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.
«Бүгінгі статистика көңіл көншітпейді. Соңғы төрт жарым жылда үйдегі зорлық зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу біздің жіті назарымызда», деді министр.
Министр отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 Отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейтінін, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз ете алатынын айтты.
Мұндай орталықтар 2019 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ол жерде психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасалатынын айтқан министр, бұл орталықтардың жұмысы біркелкі еместігін, оны реттеу үшін арнайы Тұжырымдама жобасы дайындалып жатқанын аиап өтті.
«Жобаның мақсаты – орталықтардың қызметін стандарттау. Тағы бір маңызды бағыты – ведомствоаралық байланыс арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайына ықпал ету. Келесі жылдан бастап Отбасын қолдау орталықтарының барлығында бірыңғай жұмыс тәсілдері енгізіледі», деді Балаева.
Министрдің айтуынша, қазір елімізде Отбасы саясаты бойынша 469,3 млн теңгені құрайтын 156 әлеуметтік жоба бар. Бөлінген қаржының 40% тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бөлінсе, 25% жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттауға, 10% халық арасында репродуктивті денсаулықты сақтауға, 15% жағдайы төмен отбасылармен профилактикалық жұмыстарға және 10% басқа бағыттарға жұмсалады.
Сонымен бірге елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында пилоттық жоба іске қосылған. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беру, оқыту қарастырылады. Аида Балаева нәтиже сәтті болса, бұл тәжірибені барлық өңірлерге енгізуді қолға алатынын жеткізді.
Министр сонымен бірге кешелі бері 111 жедел көмек көрсету нөмірі іске қосылғанын, оған кез-келген азамат қала нөмірлері мен ұялы байланыс операторлары арқылы тегін қоңырау шала алатынын айтты.
Еске сала кетсек Республикалық педагогтер съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырған болатын.
Ал сәуірде ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату үшін арнайы заңнамалық өзгерістер әзірледі. Заңанамдағы өзгерістерге сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді.