Ажар Ғиният 2022 жылы медициналық сақтандыру қорының топ-менеджерлері бонус алған жоқ деп сендірді
Мәжілістің кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният басынан дау арылмай келе жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне және топ-менеджерлердің сыйақысына қатысты сұраққа жауап берді.
Халықтың небары 82%-ы ғана міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылып отыр. Оның бір бөлігі МӘМС аясында медициналық көмек ала алмайды. Медициналық ұйымға жүгінген кезде оларға көмек көрсетілмейді немесе жүйеге қосылу, сақтану ұсынылады. Осыдан наразылық туады. Өйткені адамдардың көпшілігі тексерілуге емес, емделуге келеді», деді Ажар Ғиният.
Министр осыған дейін халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен 100% қамтудың тиімді тәсілдері ұсынылғанын мәлімдеді.
«Әлемдегі барлық міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі осы жүйемен қамтылған. Бұл жерде таңдау, жүйедесіз, жүйеде емессіз деген жоқ. Түрлі пакеттер бар. Төлеп отырған салығына байланысты біреуге минималды, біреуге орта, біреуге жоғары пакет тиесілі. Біздің елде бұл жүйе әлеуметтік, ынтымақты, міндетті болып бөлінеді. Заң 5 жыл бұрын қабылданды. Парламентте талқыланды. Құжатқа Мемлекет басшысы қол қойды. Бүгін осы міндетті жүйе кейбір азаматтарға міндетті болмай тұр. Заң бұзылып жатыр», деді А. Ғиният.
Министр медицина саласының қызметкерлері диагностика жасаумен, емдеумен айналысқылары келетінін, басқа шаруаға уақыт шығындауға ниетті емес екенін жеткізді.
«Пациентті қабылдаған, оған медициналық көмек көрсеткен кезде сақтандырылғансыз ба, сақтандырылмағансыз ба деп сұрап отыру басы артық жұмыс. Бұл әр азаматтың, әр жұмыс берушінің және қарттар мен балаларды, әскери қызметкерлерді, студенттерді, аяғы ауыр және бала күтімінде отырған әйелдерді сақтандырып отырған мемлекеттің ісі болуы керек», деді А. Ғиният.
Денсаулық сақтау министрі «былтыр Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының топ-менеджерлері миллиондап сыйақы алды» деген қауесетті жоққа шығарды.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Былтыр қорда ешқандай бонус қарастырылмады. Жалған мәлімет. 98 млн теңге қордағы топ-менеджменттің жалақысына, еңбек демалысына, ем-дом жәрдемақысына бөлінді. 2022 жылы топ-менеджерлердің бонус алмағынан ресми түрде мәлімдеймін», – деді А. Ғиният журналистерге.
Еліміздің бас дәрігері өткен жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директорлар кеңесі қордың басшылық құрамына қосымша төлемақы тағайындамау туралы шешім қабылдағанын тілге тиек етті.
«Әрқайсы жылына 600 мың теңгеге дейін сыйақы алған. Нормаға сәйкес, оларға берілетін сыйақы 600 мың теңгеден аспауы тиіс. Атап айтқанда, Медицина қызметкерлері күнінде 300 мың теңгеден және Республика күнінде 300 мың теңгеден алған», – деді А. Ғиният.