Салық түсімі көбейді, қарыз портфелі кеңейді, бірақ тәуекел әлі толастаған жоқ – Ұлттық банк

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ұлттық банк сарапшылары отандық валюта нарығына айырықша теріс әсер еткен шок фактор деп қаңтар оқиғасын атайды. Қаржы реттеушісі сарапшыларының Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы жаңа есебі жарық көрді.

Әр жылдары әлем экономикасына әртүрлі фактор әсер етіп келді және 2022 жылғы себеп болған жағдай – геосаяси белгісіздік. Логистикалық тізбектің бұзылуы және санкциялық қысымдардың күшеюі азық-түлік тауарлары мен энергия тасымалдау бағасын шарықтатып жіберді. Бұл онсыз да қалт-құлт әрең тұрған инфляциялық тепе-теңдікті де бұзды. Инфляцияны тежеу мақсатында орталық банктердің жаппай ақша-несие саясатын қатаңдатуы 2022 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық экономикалық өсімнің төмендеп, 3,5 пайызды құрауына алып келді. Бұл үдерістердің ешбірінен Қазақстан да тыс қалған жоқ, жылт еткен әсерді жұлын-жүйкесімен сезінді.

Ұлттық банк сарапшылары экономикасы дамыған елдердегі пайыздық мөлшерлеменің өсімі дамушы елдердегі валюталарға қысым көрсетті деп есептейді.

«Бұл жағдай инфляциялық күтулерді де ұлғайтып жіберді. Қазақстан экономикасы 2022 жылы валюта нарығындағы жоғары деңгейдегі құбылу, монетарлық жағдайдың қатаңдауы және тұтынушылық инфляция қарқынының рекордтық деңгейге дейін жоғарылауы секілді қатерлі тәуекелдермен бетпе-бет келді. Былтырғы мұнайдың жоғары бағасына қарамастан ірі кен орындарындағы жөндеу жұмыстарына байланысты өндіріс қысқарды. Қазақстан жалпы ішкі өнімі 3,2 пайызға (2021 жылғы 4,3 пайыздан) дейін баяулады және ауыл шаруашылығы саласындағы өнімді егін жинаудың арқасында қолдау тапты. Бұл уақытта инвестициялық белсенділік 7,9 пайызға дейін (2021 жылғы 3,7 пайыздан) өсті, алайда ЖІӨ-ге қатынасы бойынша төмен деңгейде қалып отыр», дейді сарапшылар.

Өткен жылы елдегі қаржылық тұрақтылықты қолдау үшін әртүрлі шаралар қабылданды. Шаралар ең бірінші кезекте валюта нарығын тұрақтандыру және теңге тартымдылығын арттыруға бағытталды. Солардың бірі – Ұлттың банктің базалық пайыздық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейіне дейін көтеруі болса, екіншісі – Үкіметпен бірлесе жүзеге асырылған жеке тұлғалардың теңгелей депозиттеріне өтемақы беру болды. 2022 жылы Ұлттық банк елдегі қаржылық һәм экономикалық ахуалды тұрақтандыру мақсатында 6 рет базалық ставканы көтерді. Жыл басындағы 10,25 пайыздан жыл соңында 16,75 пайызға дейін жетті.

«Мұнай бағасының жоғары болуына қарамастан 2022 жылдың бірінші жартысында теңге курсы өте құбылмалы болды. Квазимемлекеттік сектор компанияларының валюта түсімін міндетті түрде сатуы, Ұлттық қор активтерін конвертациялау және Ұлттық банк интервенциясы есебінен валюта ұсынысын қолдау нәтижесінде валюта нарығындағы өсіп келе жатқан тәуекелдердің әсері бәсеңдеді. Елдің ақша нарығы былтыр өтімділік профициті жағдайында жұмыс істеді, ал Ұлттық банк өтімділіктің нетто-сатып алушысы ретінде көзге түсті. Бірінші жарты жылдықта тәуекелдер өсіп жатқан кезде теңгелей құралдар тартымдылығының төмендегені байқалды, бұл Ұлттық банктің ақша-несие саясаты құралдары бойынша ашық позициясын қысқартты. Бұл ретте нарық қатысушылары тарапынан репо нарығында заемдық теңгелей өтімділікке деген сұраныс өсті. Инфляция өсімі нәтижесінде 2022 жылдың екінші жартысынан бастап инфляция мен пайыздық ставка арасындағы спред теріс болды», деп жазады Ұлттық банк.

Бұл орайда ҰБ сарапшылары отандық валюта нарығына айырықша теріс әсер еткен шок фактор деп қаңтар оқиғасын атайды. Қаңтарда өскен қатер доллар-теңге валюталық жұбы бойынша NDF ставкаларының өсуіне әсер еткен. 2021 жылдың 31 желтоқсанында 12 пайыз деңгейінде тұрған NDF ставкалары 5 қаңтарда – 16 пайызға, 6 қаңтарда 18 пайызға жеткен. Айта кетейік, NDF – құбылмалылықты азайту мақсатында үкіметтің қаржылық операциялары шектелген валюталармен операцияларды хеджирлеуге және алыпсатарлық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қаржы құралы.

Сонымен қатар былтыр Ұлттық қордан алынған қосымша мақсатты трансферттер мен республикалық бюджетке салық түсімдерінің артуы республикалық бюджет тапшылығын азайтты. Бюджет түсімдері құрылымындағы трансферт үлесі төмендеді, дегенмен мұнайлық емес тапшылық деңгейі жоғары күйінде қалды.

«Үкіметтің қарызын шегергендегі Ұлттық қордың активтері ЖІӨ-ге қатысты төмендеуді жалғастыруда, бұл ұзақ мерзімді перспективада салық-бюджет саясатының тұрақтылығын айтарлықтай төмендетеді. Займға қызмет көрсету тұрғысынан қарыз жүктемесінің өсімі және қарызды өтеу тұрғысынан да қарыздық қаржыландырудағы қажеттілікті ұлғайтты. Қарыздарға қызмет көрсету жағынан да, өтеу жағынан да борыштық жүктеменің өсуі борыштық қаржыландыруға қажеттілікті арттырады. Мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарығы борыштық қаржыландыруға қажеттілікті қаражатпен қамтамасыз ете алмаған жағдайда, фискалдық саясат Ұлттық қордың және сыртқы қарыздардың азайып бара жатқан активтеріне неғұрлым тәуелді болады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнайлық емес тапшылық деңгеці 8,4 пайызға дейін төмендеді. Тапшылықты төмендетудің негізгі факторлары инфляцияның жоғары деңгейінен туындаған номиналды ЖІӨ-нің озық өсу қарқыны болып саналады. Номиналды мәнде бюджеттің мұнайлық емес тапшылығы 8 трлн теңгеден 8,6 трлн теңгеге дейін өсті», делінеді зерттеуде.

Былтыр мемлекет қазынасына түскен қаржы көлемі – 16,1 трлн теңге. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 27,3 пайызға артқан. 2021 жылмен салыстырғанда Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемін азайтыппыз – 35,5 пайыздан 28,4 пайызға. Бұған салық түсімінің артуы себеп болған, яғни былтыр қазынаға 10 трлн теңге көлемінде салық түскен. Бұл көрсеткіш те алдыңғы жылғы деректен 42,1 пайызға артық.

  • 2022 жылы салық түсімі өсімінің негізгі факторы
  • Ірі бизнес субъектілерінен;
  • Қосымша құн салығынан;
  • Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж есебінен корпоративті табыс салығы бойынша қалыптасты – 4,2 трлн теңге. 2021 жылмен салыстырғанда 50,5 пайызға ұлғаю бар.
  • Қазақстан Республикасы аумағында көрсетілген қызмет пен орындалған жұмыстарға және өндірілген тауарларға салынатын қосымша құн салығы түсімі 66,1 пайызға (2021 жылмен салыстырғанда) артып, 1,6 трлн теңгеге жетті.
  • Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағынан импортталатын тауарлардан бөлек импортталатын тауарларға салынатын ҚҚС түсімі 75,4 пайызға өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады.
  • ЕАЭО мүше-мемлекеттері аумағынан импортталатын тауарларға салынатын ҚҚС түсімі 14,3 пайызға өсіп, 1 трлн теңге болды.
  • Экспорттық кедендік баж бойынша түсімнің өсуіне әлемдік мұнай бағасының қымбаттауы себеп болды. Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, былтыр Brent маркалы мұнай бағасы барреліне орташа 99,8 доллар болып, 2021 жылмен салыстырғанда 41,7 пайызға қымбаттады.

Қаржылық тұрақтылық туралы сөз қозғағанда банк секторын айналып өте алмаймыз. Геосаяси дағдарыс эскалациясы ірі ресейлік еншілес банк ұйымдарын Қазақстан нарығынан шығып кетуге мәжбүр етті. Бірақ жағдайдың біршама қиындағанына қарамастан отандық банк секторы сыртқы теріс әсерлерге орнықтылық танытты.

«Жыл бойы банктердің қарыз портфелі өсім көрсетті. Банктердің негізгі қарыз алушысы жеке тұлғалар болды және оларға берілген займ көлемі заңды тұлғаларға берілген займ көлемінің өсімінен әлдеқайда алға шығып кетті. Жеке тұлғаларды несиелеу сегментіндегі басым үлесі тұтынушылық және ипотекалық несиеге тиесілі. Рас, қайғылы қаңтар оқиғасы бірқатар қалалардағы іскерлік белсенділікті тежеп тастады. Алайда жағдай жедел қалыпқа келтіріліп, қаржы институттары штаттық жұмыс кестесіне жылдам оралды. Қарыз алушылар пандемия кезіндегідей қарыз төлемі бойынша кейінге қалдыру мүмкіндіктерін алды. Тиісінше, біраз ресейлік еншілес банктердің, соның ішінде «Сбербанктің» нарықтан кетуі жергілікті нарықтағы шетелдік банктердің одан сайын азаюына және банк секторындағы концентрация өсіміне әсерін тигізді», деп жазады Ұлттық банк аналитиктері.

  • 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша банк секторы негізгі капитал жеткіліктілігі коэффициентінің айтарлықтай қорына ие – 18,6 пайыз. Бұл ретте қадағалаушы қойған міндет – 7,5 пайыз.
  • Банк секторының активі 18,4 пайызға өсіп, 44,6 трлн теңгеге жетті.
  • Банк міндеттемелері 18,9 пайызға өсіп, 39,3 трлн теңгеге жетті. Меншік капиталының көлемі – 15,3 пайыз және 5,2 трлн теңге.

Жалпы алғанда, қаржылық тұрақтылық ахуалын позитивті деп бағалауға болады. Айналадағы қауіп-қатер де біршама сейілген секілді. Алайда әлемдік қақтығыстар толас таба қойған жоқ. Керісінше, өршіген үстіне өршіп жатыр. Ресей-Украина, Израиль-Хамас (Палестина, Газа секторы сәйкесінше) қақтығысы әзір басыла қоймайтын секілді. Солтүстік Кореяның да соғыс жағдайына дайындала бастауы жаңа соғыс өртінің иісін туғызатындай. Әрине, мұның бәрінің де бізге тікелей әсері жоқ, әйткенмен туындауы мүмкін тәуекелге әркез дайын отырған абзал. Қазір Қазақстан қаржы нарығында бірқатар реформаларды іске асыруға дайындалып жатыр. Цифрлы теңге жобасы, стрестік активтер жайы, инфляцияны төмендету мәселесі, KASE және AIX қор биржаларының бірігуі, сақтандыру нарығындағы кейбір өзгерістер, жеке тұлғалардың банкроттығы процедурасы, т.б. Сонымен қатар Президент биылғы Жолдауында елімізге үш ірі шетелдік банктің келетінін де меңзеді. Бұл да отандық банк секторына елеулі өзгеріс алып келері сөзсіз. Қаржылық орнықтылықтың экономикалық өсімге бастайтынын ескерсек, бұл саланың тым әсершіл, сезімтал болатынын ескеріп, тиісінше бастамаларды майдан қыл суырғандай іске асыру үлкен міндет әрі жауапкершілік болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз