Астана әуежайы БАӘ-нің басқаруына берілді

Жарияланды
Фото: Үкімет үйі

Астана әуежайы БАӘ-нің Terminals Holding компаниясының басқаруына берілді. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында шетелдік инвестор – БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Инвестор елорда әуежайының қызметіне жан-жақты баға беріп, кейіннен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын және жалпы әуе айлағының тиімділігін арттыру үшін жедел басқаруды өз қолына алады», делінген хабарламада.

Инвестор бірінші кезекте – ұшу-қону жолағын реконструкциялауды және оны одан әрі жаңғыртуды жоспарлап отыр. Дайындық жұмыстарын және елорданың қысқа мерзімді құрылыс маусымын ескере отырып, келесі жылы жерүсті инфрақұрылымына күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ.

Сонымен қатар әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленеді. Бұл жоспар мемлекет пен жеке компания мүдделерінің тепе-теңдік балансын ескере отырып, болашақ инвестицияларға негіз болмақ.

«Terminal Holding компаниясымен ынтымақтастықты нығайту Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі әуежайларды мультимодальді орталықтар ретінде дамыту жөніндегі белгіленген міндеттерді іске асыруға елеулі үлес қосады», деді Көілк министрі Марат Қарабаев.

Terminals Holding компаниялар тобы – Азия мен Африканың ірі нарығында тұтынушыларға қызмет көрсететін, сондай-ақ Abu Dhabi Ports ірі портты және өнеркәсіп компаниясымен байланысты қарқынды дамып келе жатқан авиациялық кәсіпорын.

Сондай-ақ оқыңыз