Әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі несімен ерекшеленеді – Ұлттық экономика министрі жауап берді
Мәжілісте депутаттарының бастамашылығымен әзірленген Cалық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі және оған ілеспе салық салу мәселелері бойынша заң жобалары қарастырылды.
«Біз Салық кодексінің жобасын желтоқсанда дайын болады деп күтіп жүрміз. Бұл мәселеде депутаттардың көп сұрағы бар. Небары 1,5 жыл ғана уақыт қалды. Осы орайда жаңа кодекстің концепциясының жоқтығы таңғалдырады. Нақты жоспар жоқ. Салық саясатында не өзгеретіні түсініксіз. Біз бұл кодекстің редакциясын көрген жоқпыз. Менің ойымша бұл құжат парламентке енгізілмей тұрып, үкімет оны жария талқылауға шығаруы керек. Оның үстіне жаңа кодекс 2025 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылуы керек. Уақыт тым аз қалған секілді. Енді менде сұрақ, кодекстің концептуалды жобасы қашан дайын болады және ол несімен ерекшеленеді?», деп сұрады депутат Константин Авершин.
Өз кезегінде Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров әзірленіп жатқан салық кодексі елдегі салық саясатына оң әсер ететінін, жобаны дайындауға уақыттың жеткілікті екенін айтты.
«Біз қазір бұл мәселені партиялармен талқылап жатырмыз. Жаңа кодексте әкімшілік жағы реттеледі. Егер біз әкімшілік саланы реттесек, бірнеше триллиондаған қаражат мәселесі шешіледі. Біз жаңа кодексте цифрландыру мәселесін қарастырамыз. Цифрландыру арқылы көлеңкелі төлемдердің болмауына жол ашамыз. Біздің ойымызша заңды тұлғалар арасындағы төлем қолма-қол қаражатсыз өтелуі тиіс. Бұл орайда Қазақстанда қиындық туындамайды деп сенем. Өйткені еліміз электронды төлем жөнінен көш басында тұр», деді.
Түсінгенімізше, жаңа кодекске сәйкес заңды тұлғалар толықтай цифрлы төлемге көшіріледі. Министр сонымен бірге жаңа Салық кодексі үш принципке негізделетінін атап өтті.
«Біріншіден – салық салу базасы кеңейтіледі, екіншіден – транспаренттілік, үшіншіден – халықаралық стандарттарға сай болу. Халықаралық стандарттарға сәйкес табысы жоғары салалардың салық жүктемелері артатын болады. Оның ішінде дәулеттілерге салынатын байлық салығы да бар. Сонымен бірге қосымша құн салығы да артады.Осы орайда салық жеңілдіктерін де талдап жатқанымызды айта кеткім келеді. Өкінішке қарай бұл жеңілдіктердің көбісі тиімсіз болып шықты. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата да айтты. Жалпы біз Салық кодексін өзгерту арқылы төлеушілер үшін де, салық жинайтын орган үшін де салық төлеуді, жинауды жеңілдетуді көздейміз. Осыны ескере келе мұның ауқымды жұмыс екенін және бұл бағытта асығыстық танытқан дұрыс емес деп санаймын», деді министр.