Әлеуметтік желіде Президенттің үндеуі жазылған жалған видео тарап жатыр
Әлеуметтік желілерде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Илон Маск жаңадан жасаған инвестициялық платформаға қаржы салуға үндейтін видео таратылуда. Бұл жалған ақпарат жайлы Stopfake.kz хабарлады.
Жалған ақпарат не жайлы. Жарнамалық бейнероликте Қазақстан Президенті америкалық кәсіпкер және миллиардер Илон Маск құрған платформаға инвестиция салуға шақырады.
«Инвестициялық платформа сайтта өтінім қалдырған әрбір тұрғынға 5 мың доллардан табыс табуға мүмкіндік береді. Илон Маск екеуміз жеке табыс пен инвестиция мүмкіндіктерінің жаңа көкжиегін ашатын осы бірегей платформаға қосылуға шақырамыз», – делінген жалған бейнеде.
Бұл видеоны дипфейктің онлайн детекторының көмегімен тексеріп, оның нейрожелі арқылы жасалғаны анықталды.
«Желіде Илон Масктың инвестициялық платформасы туралы жарияланымдар көп. Олардың бәрінда ақпаратттың жалған екендігі айтылған. Илон Маск пассивті табыс табу үшін платформа жасаған жоқ, ал мұндай стартаптарға ақша салуға үндеу – кибер алаяқтардың ісі болып табылады.
Демек, таралған хабарламаға сенбеген жөн. ҚР Президентінің видеосы – дипфейк, ал Илон Маскта инвестициялық платформа жоқ»-делінген хабарламада.