Сауда және интеграция вице-министрі нан мен ұнның бағасына қатысты сұраққа ауызша жауап беруден бас тартты

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистер Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтан елімізде ұн бағасын тұрақтандыруға қатысты қандай шаралар атқарылып жатқанын және Қазақстаннан астық алып отырғанына қарамастан Өзбекстанда нан бағасы неге еліміздегіден арзан екенін сұрады.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев сұраққа ауызша жауап беруден бас тартып, жазбаша жауап жолдайтындарын жеткізді.

«Бүгінгі негізгі мәселе «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру» жөніндегі заң жобасына қатысты болды. Бұл сұраққа жазбаша түрде жауап берейік, өйткені мен экспортпен айналысамын. Ішкі нарықпен, ішкі саудамен басқа вице-министр айналысады», – деді Қ. Төребаев.

Тілшілер Үкімет мүшесінің жауабына қанағаттанбады. Алайда вице-министр алған бетінен қайтпай, табандап тұрып: «Экспортқа қатысты барлық сұраққа жауап беремін, өтініш, экспортқа қатысты сұрақ қойыңыздар», -деді.

Экспорттық тәуекелге қатысты сұрақ қойылғанда Сауда және интеграция вице-министрі журналистерге жалпылама жауап берді. Сандарды сөйлетіп, статистикалық деректерді ұсынбады. Тілшілер тәуекелге тап болған, шығынға ұшыраған компаниялардың атын атап, түсін түстеуді нақтылағанда вице-министр: «KazakhExport-тің басшысы осы жақта отыр, сізге жазбаша түрде жауап берсін!» деп қысқа қайырды.

Естеріңізге салайық, биыл елімізде ұнның бағасы 2,8%-ға, нан өнімдері 7,3%-ға қымбаттады.

Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл дәнді дақылдардың өнімділігі төмен екенін ресми мәлімдеді. Ол 3 аптаға созылған күзгі жауын диқандарға кедергі келтіргенін айтты.

11 қазан күні жарияланған дерек бойынша, елімізде шамамен 14,9 млн га дәнді дақыл жиналған. Бұл қамбаға құйылуға тиісті өнімнің 86%-ы. Өнімділік гектарына 9,2 центнерді құрап отыр.

Қазір Қазақстанда бір бөлке нан 170-180 теңгеден сатылып жатыр. Өзбекстанда бір бөлке нанның бағасы 100 теңгеге жетпейді. Көрші елде нан бағасы біздің валютамен есептегенде 92-96 теңге болып бекітілген.

Айта кету керек, Стратегиялық жоспарлау мен дамыту агенттігі, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бірінші сортты бидай ұнының бағасы екі апта қымбаттағаннан кейін, біршама тұрақталды. Өткен аптада (10-17 қазан аралығы) өнімнің құны 1,4% қымбаттады. Оның ел бойынша құны келісіне 236 теңге болды. 3-10 қазан аралығындағы аптада 2,5%6 3 қазан мен 26 қыркүйек аралығындағы аптада 2% -ға қымбаттаған.

Сондай-ақ оқыңыз