Қазақстанда бомбадан қорғайтын орындар бар ма – ТЖМ басшысы жауап берді
Қазақстанда бомбадан сақтайтын орындар ма? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жауап берді.
«Қазақстанда бомбадан тығылатын орындар бар ма? Болса қайда олар? Қанша адам сыйғыза алады? Ондай орындардың Астанада Есілдің сол жақ жағалауында бар екеніне күмәніміз жоқ. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ қандай да бір жағдай бола қалса, қарапайым тұрғындар не істейді?» деп сұрады журналист министрден.
Министр мұндай орындардың елімізде бар екені, қарапайым жерге терең орналасқан нысандар бомбадан қорғаныс ретінде қызмет ете алатынын айтты.
«Әлемдегі соңғы жағдайларды ескерсек, сіз бұл сұрақты өте орынды қойып отырсыз. Иә, қорғаныс нысандары бар. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұндай орындар «бомбадан тығылатын орын» деп аталған. Мұндай орындар төтенше жағдайда өзінің жұмысын тоқтатпайтын мекемелерде жұмыс істейтін адамдар үшін, сол нысанның маңына салынатын болған. Ал қалған халық мұндай жағдайда қауіпсіз жерге эвакуациялануы керек. Болмаса тұрғылықты жерінде болғаны жөн немесе сол маңдағы қарапайым жертөлелер, метро бекеттері және жерге терең орналасқан қауіпсіз орындарға баруы керек. Ал қорғаныс құрылыстарының саны жариялауға жатпайды», деді.
Министр сонымен бірге мұндай құрылыстардың барлығы қазіргі таңда бейбіт тұрмысқа қарай бейімделгенін, сол себепті бұл құрылыстар қорғаныс функциясын атқармайтынын айтты.
«Десе де, біз бұл бағытта іс-шаралар атқарып, ол нысандардың өз функциясын дұрыс атқаруы үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге автомобильді паркингтер, метроларды қорғаныс құрылысы ретіндегі функциясын атқара алу мүмкіндіктерін де қарастырып жатырымыз. Біз бұл мәселені ғылыми тұрғыда шешуге тырыстық. Ғалымдардың көмегімен арнайы қорғаныс контейнері дайындалды. Мұндай нысан қазір Астанадағы өрт сөндіру бекетінде орналасқан. Болашақта осындай нысандарды нормативті негізде барлық өңірлерге орналастыру мәселесін қарастыратын боламыз» деді министр.