107 млн теңге: «Міржақып. Оян, қазақ!» кассалық кірісі бойынша бірінші орынға шықты
Қоғамда резонанс тудырған «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің соңғы аптадағы кассалық кірісі 107 млн теңгені құраған. Бұл туралы ticketon.kz мәліметтерінен белгілі болды.
Кинотуындыға деген сұраныс, әсіресе, соңғы аптада қатты артқан. Фильм 12-15 қазан арылығында кассадан 107 067 000 теңге жинаған.
Фильм экранға 21 қыркүйекте шығып, 4 қазаннан кейін алынып тасталуы керек болған. Бірақ оның еш себепсіз экрандардан алынуына қазақ қоғамы қарсы шықты. Алғашқы аптада бұл туынды 19 млн теңгемен 8 орында тұрған. Ал қоғамда резонанс туған соң кассалық кіріс көлемі ақырындап арта бастаған. Атап айтқанда, 5-10 қазан аралығында фильм 6 орынға көтеріліп, 30 млн теңге табыс тапқан. Ал соңғы аптада рекорд жасап, көрсетілім бойынша 1 орынға бірақ шықты.
Еске сала кетсек, бұл фильм үлкен экранда екі апта көрсетілген соң, «Qazaqstan» ұлттық арнасы туындыны экрандардан алып тастау туралы шешім қабылдады. Бірақ көп көрермен жинап үлгерген «Міржақыптың» экрандардан ерте кетуіне халық қарсы болды. Нәтижесінде туынды көрсетілімі тағы бір аптаға созылды.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы аудитория сұранысына байланысты «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің кинотетарлардағы көрсетілім мерзімін тағы бір аптаға ұзартты. «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі өткен жылы Корпорацияның толықтай мемлекеттік тапсырыс негізінде түсірілген 6 сериялы телехикаядан дайындаған кинотуындысы. Яғни, фильм мемлекеттік қаражат есебінен түсірілді. Келісімшартқа сәйкес фильм 21 қыркүйектен бастап барлық қалалардағы үлкен экрандарда 15 күн бойы прокатта жүрді. Бұдан бұрын бір рет сұранысқа сәйкес көрсетілім 4 күнге ұзартылған», деп хабарлады «Қазақстан» телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі.
Ал фильмнің қоюшы режиссері Мұрат Есжан туындының үлкен экранға шықпай қалуынан түрлі астар іздеудің қажеті жоқ екенін айтқан болатын.