Активтері мемлекетке қайтарылғаннан кейін Қайрат Боранбаев темір тордан босатылатын болды

Жарияланды (жаңартылды )
Боранбаев түрмеден шығады. Фото: «Қайрат» ФК

Жұма, 20 қазан күні Ақмола облысы Зеренді аудандық соты, бұған дейін 6 жылға сотталып, бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбаевтың жазасын бас бостандығын шектеумен ауыстыру туралы шешім шығарды.

«Сот, бас бостандығынан айырылған «Б.»-нің жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстырып, оның өтінішін қанағаттандырды»-делінген хабарламада.

Жазаны ауыстыру кезінде сот келесі жағдайларды ескерді:

сотталған заңда белгіленген жаза мерзімінің 1\3 бөлігін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеген;

– мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеді, тергеу жүргізу кезінде белсенді жәрдемдесіп, жасаған ісіне өкінді;

– қамауда болған кезеңде оң жағынан сипатталды. Мекеме әкімшілігі оның өтінішін қолдап, тиісті құжаттарды сотқа ұсынды.

Ақмола облысы Зеренді аудандық сотының шешіміне сәйкес, Боранбаев пробациялық бақылауда болады.

«Бұрын Боранбаев сот үкімімен мемлекеттік мүлікті жымқыруға жәрдемдескені үшін мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған», делінген хабарламада.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге саламыз, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Атап айтқанда Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.

Сонымен қатар, Боранбаевқа тиесілі Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. . Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді.

Бұған дейін, Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.

Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың  құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді.

Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды. Содан кейін қазақстандық кәсіпкер тергеумен процессуалдық келісімге келуге өтінішхат жолдады. 

Қайрат Боранбаевтың өзі жақында Ақмола облысындағы қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстырылған.

Прокуратура Қайрат Боранбаевпен байланысы бар «Phystech II» АҚ қызметін тесеріп, мұнай компаниясы мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамағанын анықтаған. Кәсіпорын мемлекетке келтірген  1,2 млрд теңге  залалды өтеп, 70 млн теңге айыппұл төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз