Жаңалықтар

Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыс: әскери бөлімнің бұрынғы басшылығы ақталды, екі сарбаз тоғыз жылға сотталды

Әскери қоймадағы жарылыстар бойынша сот үкімі шықты

Тараз маңындағы әскери қоймадағы жарылыстар бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Аталмыш жарылыс барысында 18 құтқарушы мен әскери қызметкер қаза тапқан болатын. Төрт офицер және бұрынғы жедел қызметтің екі сарбазы сотталды.

Жарылыстарға қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, кейін бір өндіріске біріктірілді. 800 томнан тұратын іс ақпан айында Шымкент гарнизоны әскери сотына жіберілген. Сот барысында 300-ге жуық куәгер мен жәбірленушіден жауап алынды.

Тергеу қорытындысы бойынша, өртке және одан кейінгі жарылыстарға бұрынғы жедел қызмет сарбаздары Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбай кінәлі. Оларға 459-баптың 2-бөлігі «Әскери мүлікті қасақана жою және бүлдіру» және 202-баптың 3-бөлігі «Бөтеннің мүлкін қасақана жою және бүлдіру» бойынша айып тағылды. Сонымен қатар, немқұрайлылық танытып, қарумен жұмыс істеу ережесін бұзды деген айып тағылған төрт офицерге қатысты тергеу жүргізілді.

Бүгін Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы Бөрлібай Қайыпов сотталушыларға қатысты үкімді жариялады. Сотта алты әскери қызметшінің ешқайсысы кінәсін мойындамады және соттан оларды ақтауды сұрады.

Сот қандай үкім шығарды. Сот барлық ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, тағылған айыптар жиынтығы бойынша Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайды жарылыстарға кінәлі деп танып, әрқайсысын 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Төрт офицердің екеуі ақталды. Тағы екеуі кінәлі деп танылды, бірақ ескіру мерзімінің өтуіне байланысты олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Олар әскери бөлім басшысының міндетін атқарушы Аслан Бақытжанов пен оның орынбасары Руслан Несіпқалиев.