Өзбекстанда ұн мен нан Қазақстанға қарағанда арзан деген ақпарат шындыққа жанаспайды – Сауда және интеграция министрі
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ташкентте әлеуметтік нан 120, Қазақстанда 95-100 теңге тұратынын мәлімдеді.
«Өзбекстанда ұн мен нан Қазақстанға қарағанда арзан деген ақпарат шындыққа жанаспайды», – деді ол.
Естеріңізге салайық, кеше Сенаттың жалпы отырысынан кейін Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстаннан астық алып отырғанына қарамастан Өзбекстанда нан бағасы неге еліміздегіден арзан деген сұраққа жауап бере алмаған болатын.
Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанда өндірілетін ұнның сапасы жоғары және құрамында йод бар
«Бізде «кірпіш нан» (әлеуметтік нанның ел арасындағы атауы ред) 95-100 теңге тұрады. Нан құнының 92%-ы ұнның құнына байланысты болады. 13 өңірде жоғары сапалы және бірінші сортты ұнның қымбаттауы байқалды. Алматы, Астана, Қарағанды және Ұлытау облыстарында ұн бағасы ерекше қарқынмен қымбаттап жатыр», – деді А. Шаққалиев.
Министр бірқатар кәсіпкерлер астық жинау көлемінің азайғанын сылтауратып, ұн мен нан бағасын шарықтатып жатқанына назар аударды.
«Ұнның бағасы ерекше назарға алынды. Жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру қажет. Олар дер кезінде әрекет етуі керек», – деді А. Шаққалиев.