Жаңалықтар

Сынып жетекшісімен бірге лагерлерге баратын балалар Kids go free бағдарламасы аясында тегін ұшуы мүмкін

Балалардың ұшақпен тегін ұшу бағдарламасы отбасылық, топтық туризмді дамытуға бағытталған

Қазақстанда балалардың Кids go free тегін ұшу бағдарламасын кеңейту жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев хабарлады.

Ол отбасылық туризмді дамыту мақсатында бүгінде ел ішіндегі Kids go free бағдарламасы 18 жасқа дейінгі балаларға қатысты екенін айта кетті. Ұшу саны шектелмейді, бірақ сонымен бірге балалар ата-аналарының немесе қамқоршыларының сүйемелдеуімен ұшуы керек деген шарт бар деді.

«Бүгінде балалардың ұшақпен тегін ұшу бағдарламасы 18 жасқа толғандарға қатысты қолданылады. Онда балалардың санына шектеу жоқ. Дегенмен олардың ата-анасы, заңды өкілдері еріп жүруі тиіс. Бұл әуелден отбасылық, топтық туризмді дамытуға бағытталған. Қазір балалар сынып жетекшісімен басқа өңірлерге лагерлерге барады. Тиісінше, сұраныс артты. Осыған байланысты біз Парламентке ұсыныс енгіздік. Олар қолдап отыр. Бұл шешімді соңына дейін жеткіземіз. Kids go free бағдарламасы бір жетекшінің немесе заңды өкілдің еріп жүруімен балалар топтарына да мүмкін болады», – деді Ержан Еркінбаев.

Ол бұл ұсыныс Парламент депутаттарымен алдын ала талқыланғанын атап өтті.

Kids go free Қазақстан азаматтарының балаларына арналған туристік жолдамалар құрамындағы авиабилеттердің құнын субсидиялау бағдарламасы 2022 жылдың басынан бастап қолданыста.

Айта кетеейік Kids go free бағдарламасымен ата-аналар ел ішіндегі саяхатта 26 млн теңге үнемдеген.

Естеріңізде болса Kids go free бағдарламасымен биыл 2000-нан аса бала қамтылады делінген.