Wildberries маркетплейсі тұтынушылардың құқығын жиі бұза бастады
Тұтынушылар Wildberries маркетплейсіне шағымданып жатыр. Wildberries маркетплейсі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңды сақтамайды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Wildberries маркетплейсіне шағымданушылардың саны көбейіп кеткенін растады.
Wildberries маркетплейсі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңды сақтамайтынын мойындаған министр статистикалық дерекке сәйкес, 2022 жылдың 9 айында шамамен 1 500 шағым болса, биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызмет сапасына көңілі толмайтындардың саны 4 есе ұлғайып, шамамен 6 500-ге жеткенін жариялады.
«Wildberries қатысты мәселені пысықтап жатырмыз. 600-ден астам шағымды қарастырдық», – деді А. Шаққалиев.
Министр маркетплейс ішкі сауда субъектісі саналатынын атап өтті.
«Заңға сәйкес, ішкі нарық субъектісі электронды арна немесе стационарлық сауда нысаны болғанына қарамастан, ішкі нарықта тауар сату қызметін жүзеге асыратын заңды, жеке тұлғалар. Сарапшылар жағдайды толыққанды реттеу үшін «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға енгізілетін өзгерістер аясында интернет-ресурстарды сауда нысандарына теңестіру қажеттігін мәселе етіп көтерді. Біз ұсынысты талқылап жатырмыз», – деді А.Шаққалиев.